БҚО-да дизель отынының бір апталық қоры ғана қалды

Оралдағы жанармай бекеттерінде дизель отыны тек талонмен беріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, тапшылық барлық өңірде сезіліп отыр. Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша елімізде 3 миллион 270 тонна дизель отыны өндірілген. Бұл өткен жылғы көлеммен салыстырғанда 9%-ке көп. Бірақ неге дизель жоқ?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Өңірдегі барлық жанармай құю бекеттеріндегі жағдай осы. Тоғыз жолдың торабындағы бұл бекетке күніне жүздеген көлік аялдайды екен. Бірақ қалыптасқан жағдайға орай көбі сапарын жалғастыра алар емес. Отын тапшылығы салдарынан қаңтарылып тұрған көлік көп.

Шатлық Иллахұнов, Алматы облысының тұрғыны:

- Алматыдан шыққаннан әр жанармай құю бекетінде 150-200 литр лимит. Одан басқа бере алмайды. Алдыңғы айда жақсы болған, 189-200 болған. Қазір қазір уже 254, ана жанармай құю бекетінде 289 болып жатыр. Қиын, өте қиын. Басқа мемлекеттердің машиналары осы Қазақстаннан жасайды, бізде кішкене арзан болған.

Асқар Шалабаев, Алматы облысының тұрғыны:

- Солярка жоқ ешқай жерде. Шопырлар бәрі жылап жатыр. далада жатқандары бар. Тіпті 20 литрді өліп-талып тауып, әрең жеттік осы жерге. Көп жерде 289-290-ға дейін. Азық-түлік бағасы көтеріледі. Осы жүк тасушылар тасып жүр ғой ары-беріден кейін. Ең болмағанда солярканы арзандатса ғой, мынау болмайтын нәрсе ғой.

Өңірде дизель отынының тек бір апталық қоры қалған. Жанармай Атырау мұнай зауытынан тасымалданады. Өңірді бір айға жететін отынмен қамту үшін кемі 15 мың тонна жеткізілуі тиіс.

Қайрат Мұхамбетқалиев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Облыста 1500 тонна жанармай қоры бар. Ол кемі 7-8 күнге жетеді. Қазір Ресеймен келіссөз жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдай жыл сайын күзгі жиын-терім кезінде қайталанып тұрады. Ал, Атыраудағы зауыт өз өнімін әуелі ауыл шаруашылығы саласына, кейін теміржол мен өндіріс орындарына жібереді. Содан қалған 10%-і ғана жанармай құю бекеттеріне беріледі. Сол тапшылық содан туындап отыр.

Жүргізушілер атап өткендей, еліміз аумағында жанармай бағасы анағұрлым арзан бағамен сатылады. Сондықтан болар, көрші елдің көліктері да біздің елде құйғанды жөн көреді. Ал, облыс аумағында 131 жанармай құю бекеті жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов