Арқалықта көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарда жылу әлі жоқ

Арқалық жылусыз отыр.

Мазуттан көмірге ауысқан энергетикалық орталық күні кеше сынақ ретінде іске қосылуы тиіс еді. Бірақ анықталған ақаулардың салдарынан жаңа жылыту жүйесіне баға беру кейінге шегерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді олқылықты ретке келтіргенге дейін нысан ескі әдіспен жұмыс істейді.

Қыркүйек айы қостанайлықтарға тосын мінез танытқаны анық. Күні кеше жаңбыр жауып, оның арты ақ ұлпаға ұласты. Күрт өзгерген ауа райына байланысты жылыту маусымы биыл әлдеқайда ерте басталды. Бірақ Арқалық қаласының жұртшылығы қалтырап отыр. Жаңа жылыту энергетикалық орталығы жөнді жылытпайды. Көп қабатты үйлерді былай қойғанда, аурухана, балабақша, мектептердің ішкі ауа температурасы 15 градустан көтерілмейді.

Роза Ахметова, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Кеше де, бүгін де ешқандай жылу берілген жоқ. Үй салқын. Жылытқышты қосып қойып, электр энергиясын айналдырып отырмыз. Осы айда қанша шығатынын білмеймін енді. Кәдімгідей қалың киіммен пешті қосып қойып отырмыз. Түнімен жаңбыр болды. қар болған жоқ. бірақ жаңбыр түнімен жауып тұрды.

Кенжегүл Хамза, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Суық. Бесінші қабатта тұрамын, қыстай залдан төбемнен су ағады да тұрады. Анау төбесіндегі бірдеңесі ашық па. Қар түседі, мұз түседі.

Оған қоса, Арқалықтың коммуналды жүйесі әбден ескірген. Тозығы жеткен құбырлар жиі жарылып, көп қабатты үйлердің жертөлесі лас судан арылмайды.

Талғат Жексембин, Арқалық қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының м. а.:

- Құбыр шіріп кеткен. Оған бандаж сияқты чоп қағып қойған уақытша. Апатты жойғанға дейін уақытша қойып қойдық. Алты проблемный үйіміз бар. Олардың басқару формасы жоқ. Солармен жұмыс істеп жатырмыз. 

Жаңа жылыту энергетикалық орталығының құрылысына 7,5 млрд теңге жұмсалды. Нысан сақадай-сай тұр. Бірақ сынақ түрінде іске қосу барысында бірсыпыра ақау анықталыпты.

Ерлан Райысов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

- Кеше су жылытатын қазандық қосылды. Бірақ оның бір қозғалтқышы жанып кетіп тоқтап қалды. Ол қозғалтқышты бүгін орнатады. Сосын бір-екі күнде дайын болғасын оны қайтып қосады да, ескі мазуттағы қазандықтарды тоқтатамыз. Мазутпен екі-үш күн жұмыс істейді.

Әзірге Арқалық бұрынғысынша мазутпен жылытылады. Оның қоры жеткілікті. «Ал жылу пәтерлер мен әлеуметтік нысандарға ертең таңсәріде беріледі», - деп уәде етті әкімдіктегілер.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров