Павлодардағы балаларға арналған ғимараттардың барлығы тексерілетін болды

Павлодардағы спорт мектебінің төбесі опырылып түскеннен кейін балаларға арналған ғимараттар тексерілетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы комиссия құрылып, оқушылар жаттығатын нысандарды аралайды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің төбесі құлап, қабырғасының бір бөлігі қираған кезде залда 13 жеткіншек болған. Жаттықтырушы мен балалар қашып үлгерген. Зардап шеккендер жоқ. Ғимараттың құлаған аумағы 144 шаршы метрді құрайды. Оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.

Ринат Валишанов, қалалық Төтенше жағдай басқармасының бастығы:

- Облыс әкімдігі тарапынан балалар жаттығатын ғимараттарды тексеру бойынша тапсырма берілді. Бұл тексеріс жаттығатын орындарда ғана емес, оқушылар көп жиналатын нысандарда жүргізіледі. Кейін нақты шешім қабылданады.