Нұрсұлтан Назарбаев: Мен үшін бұл қаланың орны бөлек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада салынатын жаңа туристік, мәдени және әлеуметтік нысандардың жоспарымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала әкімі Алтай Көлгінов аудандардағы құрылыс туралы баяндап, абаттандыру жұмыстары жайын айтты. Сондай-ақ ол Елбасыға денсаулық сақтау, балабақша мен мектептер, спорт кешендері және коммерциялық нысандардың халыққа қолжетімді болатынын жеткізді.

1997 жылы ел астанасы мәртебесін алғаннан бері елордада абаттандыру жұмыстары тоқтаған емес. Жылы сайын мұнда көптеген жаңа ғимарат салынып, қаланың көркі есеюде. 2000-шы жылы шаһарда 400 мың адам тұрған. Жоспар бойынша 2030-шы тұрғын саны 1,3 миллионға жетуге тиіс еді. Алайда бұл көрсеткішке биылдың өзінде қол жеткізілді. Бүгін қала әкімі еліміздің тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда құрылысының жайы туралы баяндады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына жаңа мешіт пен EXPO аумақтарындағы құрылыс жобалары ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Мен үшін бұл қаланың орны бөлек. Оның даму барысын үнемі қадағалап отырамын, болашағы туралы көп ойланамын. Алғашында жаңадан қала салу жобасына ғана емес, осы маңайда қалың орман өсетініне де күмәнмен қарағандар болған. Кейбір ғалымдар бұл жерге ағаш өспейді деген еді. Алайда елорда аз уақыт ішінде айналасын «жасыл белдеу» қоршаған ірі мегаполиске айналды.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Мемлекеттік қолдаудың арқасында оң өзгерістерді байқап отырмыз. Қазір елордада 1 миллион екі жүз мың адам тұрады. Осыны ескеріп 2030 жылы қалада 2 миллион тұрғын болады деген ойдамыз. Сондықтан қоғамдық орындар санын арттыру керек.

Қала басшылығы елорда мен оның маңын көгалдандыру мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Былтыр мұнда 500 мың ағаш отырғызылса, биыл олардың саны 890 мыңнан асып кетті. Соның арқасында ел астанасының ауа райы жақсарып, жел екпіні бәсеңдегені рас. Енді халықтың ыңғайы үшін қаладағы саябақтарды ретке келтіру жоспарда бар. Алтай Көлгіновтың айтуынша, шаһардың әрбір ауданы осындай қоғамдық орындармен қамтамасыз етіледі.

Авторы: Дариға Ташенова