Елімізде Жайық бассейні институты құрылуы мүмкін

Оралда Жайық өзені бассейнінің зертханасы құрылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай ұсынысты бүгін Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының панельдік сессиясына қатысушылар айтты. Шара онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған екі елдің су ресурстары комитетінің мамандары, 100-ге тарта делегат қатысты. Зертхана жергілікті жоғарғы оқу орындарының базасында құрылады. «Уақыт өте келе ол өз алдына бөлек институтқа айналады», - дейді мамандар. Оның аясында геоақпараттық портал құру ұсынылды. Онда Жайық өзені жайлы өзекті мәліметтер топтастырылады. Тараптар Жайық, Ертіс сынды ірі өзен бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша бірыңғай жол картасын іске асыру, трансшекаралық су ресурстарын кешенді және ұтымды пайдалану, ластануын азайту, сондай-ақ экожүйелерін сақтау бойынша бірлескен жұмыс жоспарын талқылады.