426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жыл соңына дейін елорда мен Алматы жоғары сапалы интернетпен қамтылады

  • 80
  • UPD: 22:36, 28.09.2021

Жыл соңына дейін елорда мен Алматы жоғары сапалы интернетпен толық қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала орталығынан қашықта жатқан елді мекен тұрғындары да өркениет қызығын көреді. «Қазақтелеком» ұлттық операторы осындай игі іс жасауға мүдделі болып отыр. Компания бұдан басқа тағы бірқатар жобаны қолға алды. Оның ішінде бас қаланың цифрлық нұсқасын әзірлеу, 5G желісін құру сынды міндеттер де бар.

Таяуда ғана қала мәртебесін алған Қосшы елді мекенінде ауқымды өзгерістер басталды. Ең алдымен инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр. Шағын қалаға жоғары сапалы интернет жетті.

Нұрлан Мейірманов, «Қазақтелеком» АҚ Инновациялар жөніндегі бас директоры:

- Жаз айларында бірнеше базалық станцияны орнаттық. Сол сәтте-ақ толық қуатта жұмыс істей бастады. Себебі, сұраныс көп. Тұтынушылық қабілет қалыптасты.

«Қазақтелеком» мұндай жобаларды алғаш рет жүзеге асырып отырған жоқ. Былтыр байланыс операторы елордадағы медициналық мекемелерде ортақ бейнебақылау жүйесін құрды. Бұл көрсетіліп жатқан қызмет сапасын жақсартты. Енді компания бас қаланың цифрлық нұсқасын жасауға кіріскен. Платформа жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайтып, ақпарат алмасуды жеңілдетеді. Мұның тұрғындарға тигізер пайдасы мол. Жалпы аталған бастамалардың тиімділігі бүгін Smart Сity Nur-Sultan өңіраралық форумында айтылды.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

- Магистаральді және ұялы байланыс желілеріміз электронды қызметтерді дамытады. Осы саладағы коммерция өсіп-өркендейді. Мемлекеттік қызметтер қолжетімді болады. Көлік жүйесі де қалыптасып, барлық сала қарқынды дамиды.

Компания елде бесінші буынды интернет, яғни, 5G жүйесін енгізуді бастап кетті. Заманауи байланыс желісі қазақстандықтарға кең ауқымды мүмкіндіктер ұсынады.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы