29 қыркүйек Дүниежүзілік жүрек күні

Бүгін Дүниежүзілік жүрек күні. Бұл атаулы күн 2001 жылдан бастап Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен бекітілген. Өйткені өзге дерттерге қарағанда дәл осы жүрек-қантамыр аурулары қауіпті. Кей науқастарға тек трансплантация көмектеседі. Қазір елде 100-ден астам адам донорлық жүрекке мұқтаж және олардың қатары көбейіп те келеді. Мәселе неде?

2012 Жылдың 8 тамызында Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы жасалды. Бірегей операция Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында өтті. Отандық медицина жаңа өмірге мүмкіндік береді деп сол кездегі науқастардың өзі ойламаған.

Жәнібек Оспанов, «Өмір тынысы» трансплантациядан кейінгі науқастарды оңалту қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Мен операция болады деп ойламадым. Оны күткен де жоқпын. Өйткені ол кезде Қазақстанда жүрек трансплантациясы жасалмайтын. Мұндай операциялар тек шетелде болды және құны өте қымбат еді.  Дәрігерлер келіп, трансплантация жасау мүмкіндігі бар дегенде әрине таңырқап қалдым. Басында қорықтым, ал кейін үміт пайда болды. Ұзақ уақыт бойы азаптаған аурудан құтыламын деген үміт. Не десек те, бұл жағымды жаңалық еді. 

Бұл тоғыз жыл бұрын болған оқиға. Одан бері орталықта 85 жүрек трансплантациясы жасалды. Әсіресе 2016, 2017, 2018 жылдары осындай операциялар қарқынды іске асырылған. Аталмыш кезеңде жылына орта есеппен 20 жүрек трансплантациясы жасалды. Бірақ соңғы уақытта еліміздің трансплантация саласына сын көп айтылып, сенім төмендеп кетті.

Махаббат Бекбосынова, «ҰҒКО» АҚ Басқарма төрағасының м. а.:

- Донорлық бағдарлама соңғы жылдары тоқтап қалды деуге болады. Былтыр біз екі рет жүрек транплантациясын, ал биыл біреуін жасадық. Менің ойымша, бұл пандемиямен байланысты емес. Донорлық бағдарлама елді дүрліктірген сот процестері басталғанда тоқтап қалды. Бір жағынан, медициналық қауымдастық зардап шекті және әрине күту парағында тұрған біздің науқастар зардап шекті.

Коронавирус пандемиясы да жағдайды ушықтырды. Әлемді жайлаған індет салдарынан жүрек ауыстыруға мұқтаж жандар көбейген. Қазір елімізде 119 адам күту парағында тұр. Дәрігердің айтуынша, бұрын жүрек бұлай көп болмайтын. Әдетте жүрек транплантациясына мұқтаж 60-70 адам тіркеуге алынған.

Махаббат Бекбосынова, «ҰҒКО» АҚ Басқарма төрағасының м. а.:

- Жүрек трансплантациясын қажет ететін науқастарды анықтау бағдарламасын жалғастырып жатырмыз. Күрделі жүрек ақауы бар науқастар бізге келіп түседі. Біз оларға дәрі тағайындаймыз, кейбіреулері жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялауға барады. Бұл кейбір пациенттердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бірақ жүрек  жұмысын толықтай қалпына келтірмейді.

Осы айда орталықта биылғы жылғы алғашқы жүрек трансплантациясы жүргізілді. 27 жастағы науқас донорды бес жыл күткен. Ал осы аралықта жағдайы нашарлап кетпеу үшін дәрігерлер оған сол жақ қарыншаны қолдау құрылғысын имплантациялаған. Жасанды құрылғы жүрек ақауы бар науқастардың өімірін бірнеше жылға ұзартады. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жылына 40-қа жуық осындай операция жасалады. 

Юрий Пя, «ҰҒКО» КЕАҚ Хирургия және ғылым жөніндегі директоры:

- Әрине жасанды құрылғыларға мұқтаж жандар бұдан да көп. Біздің ендігі мақсатымыз бұл операцияларды тек осы  орталықта ғана емес, басқа қалаларда да жасау. Операцияның кез келген пациент үшін қолжетімді болған жағдайда ғана құнды болады.

Дегенмен, жасанды аппарат адам жүрегіне жетпейді. Мамандар мейлінше донорлық жүректі таңдауға кеңес береді. Ал донор жағы біздің елде қазір мәз емес. Сондықтан дәрігерлер қазақстандықтарды дене мүшелері транплантациясын дамытуға атсалысып, өзгелерге өмір сыйлауға шақырады.  Өйткені бір донор кем дегенде 6 науқасты аман алып қалады. 

Ғазиза Мұхамеджанова, Нұрғали Мамырбаев

Сондай-ақ...