Атырауда жылы аялдамалар қысқа дайын емес

Әрқайсысы 14 млн теңгеге сатып алынған аялдамалар қысқа дайын емес. Атырауда жолаушыларға пана болады деген дүңгіршектердің бірінде жылу қондырғысы істен шыққан. Бірінің терезесі жоқ. Ашық-шашық жатыр. Күздің қара суығы өңменнен өткенде жұрт қайда тығыларын білмейді. Қыруар ақша жұмсалған аялдамалардың түрі анау.

Мұнайлы шаһардағы 200 аялдаманың 41-і жабық үлгіде салынған. Алтауы сенімгерлік басқаруға беріліпті. Бірақ қараусыз қалғандары қазір үйсіз жүргендердің баспанасына айналған. Күн суытқан уақытта қоғамдық көлік күткен жолаушылар жылынар жер таппай қаламыз ба деп қорқады. 

БЛИЦ: 

- Аялдамалар жақсы әрине қаламызда осындай остановкалар салынғаны, бұрын бұл да болған жоқ. Бірақ дегенмен, нағыз керек уақытта, күн суытар уақытта қосылмай жатады. Қазір барлығы дайын дегенмен қосар кезде проблема туындайды. Алдыңғы жылы қосылды, болды. кейбір жерлерде қанғыбастар қонып кетеді, шашып кетеді.

- Салынуы салынды. Алыс жақтарға баратындарға, балаларға ыңғайлы. Жақсы салынғаны. Бірақ барлығын толық пайдалануға берсе, ішінде жылуы болса. Кейбірінде жылу жоқ.

Аялдамалардың көбі әкімдіктің меншігіне өтпей жатып, пайдаға жарамсыз болып жатыр. Жұрт қара суықта қатып қалмасақ игі дейді деді.

Жауаптылардың сөзінше, мердігер мекеме қысқа дейін бәрін қалпына келтіріп тапсырады. Ал аялдамалардың қазіргі күйін вандализммен байланыстырып отыр. 

Нұрбек Монтаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Шамамен қазан айының он бесіне дейін қосамыз. Бейбарыс даңғылындағы ол вандализмнен. Екіншіден, ол әлі тапсырылмаған. Мердігер мекемеден біздің теңгерімге тапсырылмаған. Қабылдардың алдында толықтығын түгендеп қабылдаймыз. 

Аялдамаларды күтіп баптау арнайы автобаза қызметкерлерінің мойнында. Ал әкімдік өкілдері он күнде бір рет тексеріп отырамыз дейді. Айта кетейік, келер жылы 63 аялдаманы жаңарту жоспарланған. 

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев