425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевтың есімі әуежайға беріле ме?

  • 75
  • UPD: 12:33, 29.09.2021

Алтайдың ақиығы қандай іс атқарды? Несімен қадірлі? Оны өcкелең ұрпақ білуі тиіс еді. Бірақ насихат кемшін. Неге олай? 

Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылы 15 мамырда Күршім ауданының Шеңгелді ауылында шаруа отбасында туған. 16 жасынан жылқы бағып, Майқапшағай алтын өндірісінде еңбек етті. Қытаймен шекарадағы әскери қақтығыстарда басшылық жасаған. 1933 жылы Революциялық Әскери Кеңесінің бұйрығымен 9-шы әскери ұшқыштар мектебіне қабылданады. 1934 жылы Орталық Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-шы дербес әуе жасағына аға ұшқыш-бақылаушы етіп жіберіледі.

Бану Қалиқызы, Ж. Малдыбаевтың інісінің келіні:

- Душанбеде Юля деген орыстың врач әйеліне үйленеді. Юлядан бір ұл, бір қыз туады. Ұлы екі жасында қайтыс болып кетеді. Қызы Эмма тірі болатын.

1937 жылы Жуковский атындағы Әскери Әуе Академиясының штурмандық бөлімін сырттай оқып, звеноның флагштурманы қызметіне тағайындалады. Советтік 160 ерікті ұшқыш қатарында аға лейтенант Жақыпбек Малдыбаев Испанияның азаттық соғысына да қатысады. Қайтар жолда 1938 жылы Ташкент маңында әуе апатынан опат болды. Ташкент қаласындағы әскери аэродромның біріндегі әскери ұшқыштар зиратына жерленген.

Бану Қалиқызы, Ж. Малдыбаевтың інісінің келіні:

- Әлгі Ташкентке ескерткіш қойды. Бірақ оның бәрі 1966 жылы жер сілкінгенде жоғалып кетеді. Бұл кісілер мына жақтан барады Сталинабадтан Юля екеуі мына менің атам. Ал Зайсаннан Омар деген ағасы барады жерлеуге. Сол кезде Юлямен хат жазысып тұрады бұл кісілер. Сонда 1941 жылы ақырғы хатында «Мен соғысқа кетіп барамын. Қызым Эмма жанымда» деп жазады. Кейін одан хабар болмады.

Бұл құнды құжаттарды Қазақстаннық құрметті журналисі Айтмұхамбет Қасымов Мәскеудегі Кеңес Әскерінің Орталық мұрағатынан алған. Архивке екі рет барып жұмыс істеген ағамыз Жақыпбек Малдыбаевтың есімі республикалық деңгейде ұлықталғанын қалайды.

Айтмұхамбет Қасымов, Қазақстанның құрметті журналисі:

- Өскеменде көше бар Малдыбаев атында. Ал соның көшесіне туыстары ақшасын жинап, құлпытас сияқты ескерткіш орнатқан. Бірақ оны әкімдік алып тастап, анау енді онша жарамайды деп, біз жаңасын орнатып береміз дегелі, ештеңе жоқ. Келесі жылы 9-майға дейін қоямыз деп сөйдеді. Соңғы бір рет қала әкімінің қабылдауында болғанда. Бірақ оған да мен сенбей отырмын.

Сапар Ысқақов, жиһанкез:

- Бұл кісінің жасаған ерліктері ұлы отан соғысына дейін болған. Ол бір. Ол кезде қазақтың тұрмысы өте нашар болды. 1932-1933 жылдары аштық, одан кейін барып репрессия, одан кейін барып соғыс басталды. Ол екінші мәселе. Енді үшінші мәселе өзіміздің қолымыз өзімізге тиген уақытта бұл кісінің ерлігін елемеу, дәріптей алмау - ол біздің кінәміз.

Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш қызымыз Хиуаз Доспанованың есімі былтыр Атырау әуежайына берілгені белгілі. Ал Ақтөбедегі халықаралық әуе айлағы биылдан бастап Әлия Молдағұлова атымен аталады. Оралдағы әуежайға да Мәншүк Мәметованың есімін беру туралы өтініштер көптеп түсуде. «Бұл дәстүр Шығыс Қазақстан облысында жалғасуы мүмкін бе?» деген сұраққа облыс әкімдігінің өкілдері былай жауап берді.

Медет Жұмақанов, ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы:

- 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Семей халықаралық әуежайына ұлы ақынның есімі берілді. Қалған 3 әуежай кісі есімімен аталмайды. Бүгінгі күні тұңғыш қазақ әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевтың есімін әуежайға беру жөнінде азаматтардан өтініш түскен жоқ. Жақыпбек Малдыбаевтың есімін мәңгілеу мақсатында өзінің туған жері Шеңгелді ауылындағы мектепке есімі берілген болатын. 

Сондай ақ Зайсан, Марқакөл және Күршім ауылдарындағы көшелер ұшқыштың есімімен аталады. Алдағы уақытта әуежайлардың біріне Жақыпбек Малдыбаевтың есімін беру туралы өтініштер көптеп түскен жағдайда ұсыныс облыстық ономастика комиссиясында зерделенеді. Содан соң ғана Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясына тиісті құжаттар жолданады.

Мирлан Алтынбек, Дмитрий Димитриев

Хабар 24 телеарнасы