Эверест шыңын бағындырған мүгедек жан протезге тұрады

Екі аяқсыз Эверест базалық лагерін бағындырған елордалық Мария Әуезова жаттығу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазір ол Мәскеу қаласында. Онда оған арнайы протез дайындалған. Жас альпенистің арманын орындауға Елбасы қоры ықпал етті.

Қазір Мария Әуезова  Мәскеу қаласындағы клиникалардың бірінде 3 апталық оңалтудан өтіп жатыр. Мұнда оның аяғына протез дайындаған. Енді мүмкіндігі шектеулі альпинист аяққа тұруды мақсат етіп отыр. Бұған дейін жерлесіміз Эверест лагерін бағындырған еді. 14 күн бойы тауға мініп, 60 шақырымды еңсерді. Ол үшін алдымен бір жыл Бурабайда дайындалған. Осылайша ерекше қажеттілігі бар Мария биік шыңды бағындырған алғашқы әйел болды.

Мария Ауезова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Осыдан 1,5 жыл бұрын маған Эверестке шығатынымды айтса мүлдем сенбес едім. Десе де, үмітімді үзбедім. Сенің арманыңды арқалап жүрген жақын жандарға да сенген жөн. Бастысы, көздеген мақсатыңа берік болу керек.

Қайсарлықтың ерен үлгісімен таңқалдырған Марияға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі көмек көрсетті. Бүгінде Мария аяққа арналған протездерді орнатуға демеу болған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Қазастан халқы Ассамблеясына айтар алғысы шексіз. Жаңа протездерге бейімделу үшін оның жары Мұхтар Әуезов пен жаттықтырушысы Вадим Цхе көмектесіп жатыр. 

Вадим Цхе, жаттықтырушы:

- Бастысы, протезде тұрып үйрену, ешкімге тәуелді болмай бұрынғы өміріне қайта оралу. Кейін қалауы болса тауға тағы шығар. Бірақ әзірше өздігінен жүріп,  жаңа өмірге бейімделуі керек

Мария әзірге алдағы жоспарымен бөліспейді. Алайда әлі де талай белестерді бағындыратынына бек сенімді. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров