Қуғын-сүргін құрбандары туралы архивтегі құжаттарға қолымыз жетті – Сабыр Қасымов

Қазақ даласындағы кеңестік репрессияның құрбаны болып, зардап шеккендердің 80 проценті ауыл азаматы болған. Мұны саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі айтты.

Сабыр Қасымов «қазір архивтегі құжаттарға қолымыз жетіп жатыр» деді. Осы кезге дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті 100 шақты құпия құжатты ашып, зерттеуге рұқсат берген. Бүгін Сталиннің күштеп ұжымдастыру және ет пен астық дайындату науқанының салдары талқыланды. Аталған тақырыпта алғашқы республикалық семинар өтіп, өңір-өңірдегі тарихшылар мен комиссия мүшелері бас қосты. Солақай саясаттың кесірінен 56 мыңнан аса адам әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар бар. Мемлекеттік комиссия мүшесі бұл орайда зиялы қауым өкілдеріне үндеу тастады.

Сабыр Қасымов, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі:

– Зиялы қауым қайда? Біздің интеллигенция қайда? Біздің әлгі өзіміздің ұлтжанды, осынау біздің трагедияға жаны ашитын азаматтар қайда? Солар неге біздің комиссияға қатыспайды? Өздерінің ата-бабалары, өздерінің туысқандары ғой. Ол дегеніміз жатқан бір тарих қой.

Арайлым Мұсағалиева, тарих ғылымдарының докторы:

– Осы жылдары біз есептеп қарасақ, 60 мың шаруашылық болса, ол 60 мың шаруашылық бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілді. Сондықтан да бұл өте көлемді түрде болды. Қазір бізде астық дайындау, ет дайындау науқандарының кезінде репрессияға ұшыраған халықтың санын шығару мәселесі күрделі мәселе болып тұр. Мұның әлі нақты саны жарияланбаған. Енді ойлаймыз осы жақын 2-3 жылдың ішінде бұл мәселелер анықталады деп.