Брифингтер енді офлайн форматта өтеді

Келушілердің «Ашық» қосымшасындағы мәртебесін тексермеген 12 мың мекеме жүйеден 2 аптаға аластатылды. Бүгін ведомствоаралық комиссия отырысының қатысушылары осындай шешім қабылдады.

Жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы екі апта ішінде коронавируспен ауырғандар саны 60 процентке азайғанын хабарлады. Оның айтуынша, өлім көрсеткіші 80 процентке төмендеді. Сол себепті күндізгі уақытта баспасөз конференцияларын өткізуге рұқсат берілді. Мұндай шараларға вакцинаның екі компонентін алған, яғни «Ашық» жүйесінде жасыл мәртебеге ие тілшілер қатысуға мүмкіндік алды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

– Орталық коммуникациялар алаңында тілшілердің қатысуымен брифингтер өткізуге рұқсат беремін. Барлық санитарлық талаптар орындалуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені қолға алсын. Қазір вакцина салдырған азаматтар саны көп болғандықтан, брифинг өткізуге еш кедергі болмайды деп есептеймін.