Қазақстан дизель отынын Ресейден импорттауға мәжбүр

Қазақстан көрші Ресей елінен 100 мың тонна дизель отынын импорттайды.

Павлодар зауытындағы жөндеу жұмыстарының салдарынан елде дизель отынының тапшылығы сезіледі. Себебі Атырау мен Шымкенттегі зауыт ішкі нарықтың қажетін толық қамтамасыз ете алмайды. Өткен бір аптада Қазақстанға шетелден 15 мың тонна өнім жеткізілді.

Павлодардағы зауыт қазан айының соңында аяқталуы тиіс. Сол кезде отын өндірісі реттелмек.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

– Қазір ірі жанар-жағармай құю стансаларында дизель отынының бағасы 207-208 теңгені құрайды. Қалғандары 230-240 теңгеден саудалап жатыр. Көрші елдерде отын құны әлдеқайда қымбат болғандықтан, елге келгендер дизельді бізден сатып алуға тырысады. Павлодар зауытында жөндеу жұмыстары басталатындықтан, біз отынды көрші Ресейден импорттауға мәжбүрміз. Тиісті келіссөз жүргіздік.