Қазақстандық 8 жасар бала Гиннесс рекордтар кітабына енуі мүмкін

Қазақстандық 8 жастағы балақай Гиннесс рекордтар кітабына енуі мүмкін. Бекнұр Жәнібекұлының есім-сойы рекорд авторы емес, қатысушы ретінде қалады.

Балақайдың қолына әлемдегі ең кішкентай функционалдық протез салынған. Ең қызығы, аппарат кәдімгі Лего конструкторларынан жасалған көрінеді.

Бекнұр әлі кішкентай болса да, көп адаммен танысып үлгерген. Отбасылық альбомда, тіпті, Хиллари Клинтонмен түскен суретті көруге болады.

Мынау Бекнұрдың суперқаһарманмен кездесуінен алынған кадрлар. Суперқаһарман деп отырғанымыз – 22 жастағы Дэвид Агилар. Болашақ биоинженер. Андорралық жас жігіт Лего конструкторлары негізінде бірегей протездер жасаумен айналысады. Дэвид мұндай аппараттардың алғашқысын өзіне әзірлеген. Бекнұрдің жайын білгеннен кейін ол балақайға арнап протез жасап шығарған. Болашақ биоинженер қиын болғанын жасырмайды. Оған аппарат өлшемінің кішкентай болуы себеп.

Дэвид Агилар, Лего-Протездер авторы:

– Бекнұрға протез жасай бастағанда, ол да мен сияқты айна алдында тұрып, күлімдесе екен деп армандадым. Бұған дейін бір қолымыз жоқ болғасын, өзімізді басқалардан өзгеше сезінетінбіз. Алайда протез таққанда, мәселе басқада екенін түсінесің. Негізі жер бетіндегі адамдардың барлығы әр түрлі. Оған қолдың бар-жоғы қатысты емес.

Бекнұр басқа балалар секілді мектепке барады. Пойыздарға қызығады. Ютубта өз каналы бар. Қазір қолына протез жасап берген Дэвид Агиларға еліктейтінін байқауға болады. 

Зәуре Бектемісова, Бекнұрдың анасы:

– Бекнұрдың бойында сенімділік пайда болды. Бұрындары кейде мектептен жылап оралатын. Неге мен басқа балалар секілді жүгіре алмаймын деп айтатын. Қазір менде басқаларда жоқ керемет дүние бар деп, ондайға көңіл бөлмейтін болды.

Дэвидтің «Хэнд Соло» деп аталатын протезі – әзірге Бекнұр секілді балалар үшін жалғыз мүмкіндік. Өйткені қазіргі аппараттар тым үлкен, салмағы да ауыр. Әлі қатпаған омыртқаға зақым келтіруі мүмкін. Енді жақында Гиннесс рекордтар кітабының өкілдері Дэвид Агилардың жаңа жұмысын қарастырады. Рекорд тіркелсе, 8 жастағы қазақстандық балақайдың тағып жүрген аппараты әлемдегі ең кішкентай функционалдық протез болуы мүмкін.   

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әлия Сыздықова, Руслан Омиржан