425,25 492.05 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жамбыл облысының диқандары шығынға батты

  • 80
  • UPD: 04:51, 30.09.2021
Жамбыл облысының диқандары шығынға батты

Жамбыл облысында картоп еккен диқандар шығынға батты. Біраз алқапта өнім шықпай қалған. Мәселен Жуалы ауданындағы ірі шаруашылық жылдағыдан 2 есе аз картоп жинады.

Қазір көкөністі сақтайтын қоймалар жартылай бос тұр. Енді өнімнің аздығы картоп бағасына әсер етуі мүмкін. Өйткені, ішкі нарықтан бөлек, Өзбекстаннан да сұраныс көп.

Керімқұл Бегалиев 66 гектар алқапқа картоп еккен. Жылда гектарынан кемінде 300 центнерге дейін дақыл алатын шаруа биылғы өнім 150 центнерден аспады деп отыр. Науқан кезінде лық толатын қоймалар жартылай бос тұр.

Керімқұл Бегалиев:

– 66 гектардың 60-70 проценті шықпай қалды. Өнімділік шықпай қалды. Сыйымдылығы 750 тоннадан екі қоймамыз бар. Сонда бір жарым мың тонналық қоймамыз көріп тұрғандарыңыздай жартылай ғана сақтаулы тұр. Бұл кезінде толып тұратын.

Өнімнің аз шығуына түрлі фактор әсер еткен. Шаруа, бірінші кезекте, су тапшылығын атап отыр. Одан бөлек, техниканың 90 процентінің тозығы жеткен. Жаңалауға қаражат жоқ. Тағы бір кедергі – мемлекеттен жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай шаруаларға дер кезінде жеткізілмеген. Арзандатылған дизель отынының тапшылығы егу жұмыстарын тежеп соңы осындай болып отыр дейді шаруа.

Керімқұл Бегалиев, шаруа:

– Техниканың ескіргенінен дер кезінде егіп үлгере алмай жатамыз. Ескі техника сынады. Оны түзулеп болғанша уақыт өтеді. Шаруалардың атынан ұзақ мерзімді несие берілсе деген сұраныс бар. Техникаларымыз ескірген. Техника алу үшін, сосын ұрықтық алу үшін бізге несие керек. Несиені ала алатын жағдай болатын болса, өнімділігіміз артатын еді. Біздің азық-түліктің бағасы да арзан болатын еді.

Жалпы облыста картоп дақылы 11 400 гектар жерге егілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 200 гектарға артық. Қазір облыста картоп жинау науқаны 89 процентке аяқталған. Жалпы көлемі 233 мың тонна өнім жиналды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жалпы өнімділік былтырғымен шамалас көрінеді.

Ерлан Құлкее, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жуалы ауданында бір-екі шаруашылық ауа райына байланысты 20 шақты гектардай жерден төмен өнім алып, шығарған шығынын да жөнді қайтарып ала алмай жатыр. Сол сияқты мына Қордай ауданында да биылғы жылы су мәселесі Қырғыз республикасынан келуі де төмен болды. Соған байланысты 15 гектардай жердегі картоптан біраз төмен өнім алғаны байқалып отыр.

Қазір Өзбекстан мемлекеті мен Түркістан облыстарынан картопқа сұраныс жоғары. Өнім аз. Оның үстіне қуаңшылықтан шаруалардың шығыны көбейген. Бұл бағаның өсуіне алып келуі мүмкін.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы