Атырауда нәрестені тоңазытқышқа салып өлтіргендерге қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

 

Атырауда нәрестені тірідей тоңазытқышқа салып өлтірді деп 15 жылдан 18 жылға дейін сотталған дәрігерлердің апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, шақалақтың өмірін сақтап қалуға болатыны айтылды. Бірінші сатыдағы сот отырысында олардың кінәсі толық дәлелденген. Биыл қаңтар айында тірі туған сәбиді қасақана өлтірді деп айыпталған Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Қуаныш Нысанбаев 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал акушер–гинеколог Асқар Қайыржан 16 жылға, акушер Жамила Құлбатырова 15 жылға сотталды.

Тәтті Уәлиева, судья:

– ҚР Қылмыстық процесстік кодексінің 431-бабының, 1-бөлігінің, бірінші тармағын, 443-444-баптарын басшылыққа алып, қаулы етті. Нысанбаев Қуанышқа, Қайыржан Асқарға, Құлбатырова Жамилаға, Нұрмұқанбетов Русланға, Жұмабаева Дариғаға қатысты үкім өзгеріссіз. Апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулының толық мәтіні 2021 жылдың 4 қазанда сағат 17:00-де жарияланады. Қаулының толық мәтіні жарияланған күннен бастап, заңды күшіне енеді.