«Жылыбұлақ» қашан жөнделеді?

Бұдан жарты ғасыр бұрын салынған «Жылыбұлақ» каналы әбден тозып, жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл канал Созақ ауданының Құмкент ауылын 30 жыл бойы ағын сумен қамтамасыз етіп келген еді. Енді ауыл тұрғындары арық суын пайдаланады. Бірақ жазда су көбіне топыраққа сіңіп, рәсуа болады. «Сондықтан суды ысырап етпей арықтың түбін бетон-дап берсе», - дейді, ауыл жұрты.

«Жылыбұлақтың» суы Құмкент ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы «Баба Түкіт Шашты Әзіз» кесенесінің жанынан, яғни, жер астынан шығып жатыр. Ғасырлар бойы ауыл халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келеді. Кеңес заманында егістікке суды тез апару үшін латоктан канал салынған. Алайда жылдар өте ол әбден тозып, жарамсыз болып қалған. Су ысырап болып далаға ағып жатқандықтан халық қайтадан бұлақ суын ескі арнасына бұрған. Алайда шаруалар жаздың күндері арықтың ішін қамыс басып, судың дені топыраққа сіңіп кететінін айтады. Соның салдарынан етектегі егістікке су жетпей қиналады.

Тазабек Кенжебайұлы, Құмкент ауылының тұрғыны:

- Мынау көріп тұрғандарыңыз Кеңес Одағының кезіндегі арық. Тозған әбден, шаршаған. Бұнымен енді су апару қиын. Бізге бұрынғы ескі оман арығымыздың ішін цементтеп берсе, бізге сол тиімді. Бидай, арпа, жүгері, жоңышқа егеміз, майда көкөністерді де егеміз. Барлығын ауылдан өндіреміз. Пияз, сәбіз, картопқа дейін. Судың салдарынан еге алмай отырмыз. Халық дүкеннен сатып жеуге мәжбүр болып отыр.

Құмкент ауылдық округінде жеті жүздей түтін, төрт мыңдай халық тұрады. Жеті жүз гектардай суармалы жер бар. Бірақ арық суы ауылға толық жетпейтіндіктен шаруалар егіс алқабының жартысына жуығын ғана игеріп отыр.

Айта кетейік, «Жылыбұлақ» каналы осы уақытқа дейін «КазСуШар» мекемесінің баланысында болған. Енді ауданның қарамағына өтіп жатыр.

Ғани Пәрдебекұлы, Құмкент ауылдық округінің әкімі:

- Бұл енді ауданның балансына өтті. Алдағы уақытта осыны тиісті мекемеге жүктейін деп отыр аудан әкімінің қаулысымен. Сол жүктелгеннен кейін жобалық-сметалық құжатын дайындап, алдағы 2022 жылдың бюджетіне ұсынылады. Өйткені осы каналдың жөнделгенін біз де күтіп отырмыз. Аудан әкімдігі де осыны жөндеуге атсалысып жатыр.

Ауыл әкімінің айтуынша, егер жер арықтың табыны бетондалса, 700 гектар суармалы алқап пен жүз гектардан астам үй іргелік жерді ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ...