Қазақстанда сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер саны артады

Қазақстанда сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер саны артуы мүмкін.

Ел үкіметі жеке құрылыс компанияларына мұндай баспананы өз қаражатының есебінен салуды ұсынбақшы. Бұл туралы бүгін Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр брифингте мәлімдеді. Айтуынша, қазір 500 мыңнан астам азаматымыз үй кезегінде тұр. Мемлекет дәл қазір барлығын баспанамен қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті осындай шешім қабылданып, бұл ұсыныс «Тұрғын үй саясаты туралы» заң жобасына енгізілмек.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Біз жеке құрылыс компанияларына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді салуды ұсынамыз. Пәтерлер қолданысқа берілгеннен бұл компаниялар өздері жалға беру сомасын бекітеді. Ал мемлекет ай сайынғы төлемді субсидиялайды. Нәтижесінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер саны қазіргіден әлдеқайда көп болады.