Қарағанды облысында ковид жұққандардың саны азайды

Қарағанды облысында да коронавирустық инфекция жұқтырғандардың саны күн санап азайып келеді.

Санитарлық дәрігерлер өткен аптамен салыстырғанда ауру жұқтыру көрсеткіші 21 процентке азайған деп отыр. Мысалы, өткен тәулікте 170 адамнан қауіпті инфекция белгілері анықталған.  165 адам сауығып шығыпты. Жалпы алғанда қазір 900-ге жуық адам ем қабылдап ауруханада жатыр, оның 45-і жансақтау бөлімінде. Облыс әлі де «қызыл аймақта». Осыған қарамастан «Ashyq» қосымшасын пайдалану арқылы діни рәсімдер мен жиындарға, той-томалаққа белгілі бір шектеулер қоя отырып рұқсат берілген.

Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының сөзінше, COVID-19-ға қарсы кенді өңірдің 450 мыңға жуық тұрғыны екпенің қос компонентін салдырған. Дәрігерлер вакцинаның қанша уақыт тиімді болатыны жайлы да пікірімен бөлісті.

Гүлжахан Бейсенова, дәрігер:

- Қазіргі әлемдік мәлімет бойынша бұл сұрақ өте дискутабельді. 1-2 жыл деп айтылып жатыр. Бұл әлі толық зерттелу үстінде. Қазір, мысалы, 60 процент ұжымдық вакцина алған АҚШ, Израильде 6 айдан кейін немесе 9 айдан кейін ревакцинация жасау мәселесі қаралып жатыр. Өйткені антиденелердің төмендеуі және мутацияланған штамдардың бар болуына байланысты осындай мәліметтер бар.