Қарағанды облысында Қоңырат ауданы орталық жылыту жүйесіне қосылды

Үш мыңнан астам тұрғыны бар Қоңырат ауданы тұңғыш рет орталық жылыту жүйесіне қосылды. Бұған дейін пешке күні қараған жұрт енді ол бейнеттен құтылады. Балқаш қаласындағы жылу энергия орталығынан 17 шақырым құбыр тартылды. Қазір жұмыстар аяқталуға жақын. 

Тоғжан Айнабекованың Қоңыратта тұрып жатқанына 30 жылдан асқан. Мұнда орталықтандырылған жылыту жүйесі ешқашан болған емес. Сондықтан жылу беретін күнді асыға күтіп жүр. Қазір қажетті құрал-жабдықтарын, құбырларын алып қойған. Енді жақын күндері мамандар келіп қосу керек. 

Тоғжан Айнабекова, Қоңырат ауданының тұрғыны:

- 30 жылдан бері мына пешті жағып келгенбіз. Енді қазіргі мынау орталықтандырылған жылу жүйесін тартып жатыр дегенге өзіміз қуанып жатырмыз. Енді көп жеңілдік болатын болды. Ағаш жармаймыз, көмір тасымаймыз, күл шығармаймыз. Біз екеуміз де жұмыс істейтін болған соң қыстың күні, әсіресе суықтан тоңып келгенде пеш жаққанға қиналатын едік. Енді Алла қаласа, ол бейнеттен құтылатын болып тұрмыз.

Үш мыңнан астам тұрғыны бар Қоңырат бұған дейін өз алдына жеке елді мекен болған. Жуырда Балқашқа беріліп, мысты шаһардың бір ауданына айналды. Тиісінше мұнда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары басталған. Жылу энергия орталығынан 17 шақырым магистарльді құбыр тартылды. Ол үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Ескендір Қабидолла, ТКШ, Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Магистарльды құбырлар арнайы материалмен қапталған. Арқаның аязды күндері жылуды сақтайды. Қысым да жоғары болады, ол үшін екі жерден сорғы станциясы орнатылды. Енді қыста жылу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы болады деп күтіп отырмыз. 

Жауапты мамандар жылу маусымы басталғанша жұмыстардың барлығын аяқтаймыз деп отыр. Биыл бірінші кезекте 145 үй мен әлеуметтік нысандар қосылмақ. Ал келесі жылы тағы 200 үй қамтылады. Келешекте Балқаштағы бірнеше аудан мен жаңадан салынатын 11 үйге де жылуды осы магистарльді құбыр арқылы жеткізу жоспарда.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев