Солтүстік Қазақстан облысында жұрт көмірдің кезегінде тұр

Солтүстік Қазақстан жұрты көмір таба алмай жүр. Салдарынан отын қоймаларында ұзын сонар кезек пайда болды. Тұрғындар әсіресе Шұбаркөл мен Қаражыра көмірі жоқ дейді.

- Машин 50 уже собралось. Угля нет. Самый сезон.

Жығылғанға жұдырық. Өңірде жүргізушілер дизель таппай сандалып жүргенде жұрт қысқа қамдана алмай әлек. Көмір іздегендер күнде қойма маңын жағалап жүр. Мәселен, таңертең жеткен үш вагон қатты отын бірнеше сағатта сатылып кетті.

Ербол Есжанов, қала тұрғыны:

- Таңғы 7-ден кезекте тұрғанбыз. Жоқ көмір. Шұбаркөл де, Қаражыра да жоқ. Маған 5 тонна керек қой қысқа. Хотя бы қазір ақша болғанда 3 тонна алам ғой деп. Қалғанын қыста алам ғой деп. Болмады.

Болат, жүргізуші:

- Қазір бір жиырма шақты клиент тосып отыр. И то жетпей қалды міне звондап жатыр. Жоқ, енді не істейміз дедім. Басқа тупиктерде де жоқ. Ешқайда да жоқ. 

Ала таңнан келіп кезекте тұрғандардың көбі тағы да бос қайтты. Облыс орталығындағы төрт қоймадағы жағдай осы. Әсіресе, сұранысқа ие қара жыра мен шұбаркөл жоқ. Бірақ жауаптылар болса, тұрғындар жақын күндері қатты отынмен қамтылады деп сендірді. Айтуларынша олар көмірді көптеп жеткізудің қамына кіріскен.

Бақыт Ілиясов, облыстық энергетика ЖӘНЕ ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Жылыту маусымы басталды. Сондықтан халық оны жаппай сатып алып жатыр. Осыған байланысты шу көтерілді. Қазір теміржол тұйығына әзір 200 тонна көмір келді. Ол жақын күндері саудаға шығарылады. Бұдан бөлек қазанның 5-6 күндері тағы 700 тона әкелінеді. Осылайша бұл проблема шешіледі деп ойлаймын. 

Жалпы өңір тұрғындарына жылыту маусымына шамамен 391 мың тонна көмір қажет. Ал энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар жергілікті халықтың 93 проценті қатты отынмен қамтамасыз етілгендігін айтып отыр.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов