Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары хатшылығының отырысы өтеді

6 қазан күні елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары хатшылығының 19-отырысы өтеді. Жиынға 20-ға тарта мемлекеттің өкілдері қатысады. Отырыс дәстүрлі форматта ұйымдастырылады. Сондықтан коронавирусқа қарсы шараларға баса мән беріліп отыр. Ең бастысы, съезде дінбасылардың VII съезінде талқыланатын тақырыптар нақтыланады.

Әлемдік әрі дәстүрлі дін лидерлері 6 қазан күні елорданың Бейбітшілік және келісім сарайына жиналады. Татулықты нығайтып, ынтымақтасты ырысты ету жолдарын бір үстел басында отырып талқылайды. Бұл басқосу келер жылы тап осы уақытта өтетін съезд жұмысына дайындық іспеттес. Себебі ауқымды жиында қаралатын мәселелер осы хатшылық отырысында нақтыланады.

Мәдина Бектенова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері:

- Жалпы съезд жұмысы үшін хатшылықтың, діни лидерлер кеңесінің де маңызы зор. Бұл алаңда 18 жылдық тарихы бар, Қазақстан үшін, әлем үшін өте маңызды мәселелер талқыланады. Съездің осындай қиын жағдайда өтуінің өзі диалогтың, толеранттылық принциптерін сақтауға біздің мемлекеттің ниетін көрсетіп отыр.

Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шараға онлайн қатысуға да мүмкіндік бар. Осыған дейін тұрақты түрде өткен басқосу Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екенін айғақтады. Рухани көшбасшылар қашанда араағайындық жасап отыратын біздің ұлттың татулығына тәнті.

Айта кету керек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бастап өтіп келеді. Содан бері 6 бірдей съезд өтті. Қазақстан астанасы беделді дін көсемдерінің ашық диалог алаңына айналды.

Болат Сәрсенбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:

- Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығы съездің жұмысшы органы. Осы ауқымды іс-шараға дайындықты жүргізеді. Хатшылыққа Парламент Сенатының төрағасы жетекшілік етеді. Беделді пікірталас алаңында дін көшбасшылары сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру жолдарын талқылайды. Соның бірі пандемия. Бұл тақырып та күн тәртібіне енуі тиіс. 2003 жылы өткен алғашқы съезд әлі есімізде. АҚШ-та болған алапат лаңкестік шабуылдан кейін ұйымдастырылған болатын. Сол уақытта әлем елдерінде наразылық күшейді. Съезд барлығын бір алаңға біріктіріп, ойын ортаға салуға мүмкіндік берді. 

Хатшылық отырысында ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді қамтамасыз ету тетіктері де назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ қазіргі әлемдік жағдайларды есепке ала отырып, діни және саяси көшбасшылардың ынтымақтастығын күшейту, халықаралық деңгейдегі дағдарыс жағдайларын еңсеру мәселесі де жан-жақты талқыға түседі.

Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров