«Қазақ радиосына» – 100 жыл

«Қазақ радиосына» – 100 жыл. Осыдан тура бір ғасыр бұрын радионың тұңғыш хабары Орынбор қаласынан әуе толқынына шықты. Алаш ардақтысы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының бұл бастамасы ғұмырлы болып, қазіргі таңда ұлттық жобаға айналды.

«Қазақ радиосы» – елдегі ежелгі ақпарат құралдарының бірі. Әу баста өзіне жүктелген міндетті, оның ішінде қоғамды ақпараттандыру және ағартушылық қызметін толығымен орындап келеді. Радиоарна директоры Дулат Абибуллаев былай дейді.

Дулат Абибуллаев, «Qazaq Radiolary» ЖШС бас редакторы:

– Біздің аудиториямыздың ауқымы өте кең. Ел аумағының 90 пайызына жуығына және іргелес жатқан елдерге дейін ақпарат таратамыз. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арнайы жол картасын қабылдап, радионың сигнал тарату ауқымын одан сайын арттыру көзделуде.

Ғасырлық мерейтойына орай, радио тарихымен тығыз байланысы бар қалаларда «Қазақ Радиосы» көшесі ашылды. Елордада редакция іргесіндегі шағын көшеге де «Қазақ Радиосы» атауы берілді. Дәл осындай көшелер Қызылорда мен Шымкент қалаларында пайда болды. Бүгінгі мерекелік эфир Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Есбаев, Әсет Бейсеуов, Ілия Жаханов сияқты композиторлардың шығармашылығына арналмақ. Радиода әр жылдары еңбек еткен өзге де тұлғалардың алтын қорға жазылған дауыстары әуе толқынына шығарылады.

Ғалия Есқұлова, «Қазақ радиосының» жүргізушісі

– Кез келген телевидение немесе радио болсын ең бірінші білім керек. Екінші радиода дауыс. Радионың алатын орны ерекше. Өйткені қазір заманға сай, радиода заманауи техникамен қамтамасыз етілді. Бұрын радиода тек даусын ғана еститін болсақ, түрі қандай екен деп армандайтынбыз. Ал қазір кез келген адамға қолжетімді. Өйткені радиохабарды әр адам онлайн көре алады. Бізде сосын хабарларымыз ютуб каналда түсіріледі.

ЕҰУ ҚАБЫРҒАСЫНДА «ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ» СТУДИЯСЫ АШЫЛДЫ

Расымен де радиоарна ауқымы кеңейіп келеді. Күні кеше Еуразия Ұлттық университетінде «Қазақ Радиосының» студиясы ашылды. Бұдан былай студенттер радиобағдарламалар дайындап, республикалық эфирге қосылатын болады. 100 жылдық мерейтой мен жоғары оқу орнының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға сала ардагерлері қатысты.

Жүрсін Ерман, ақын, журналист:

– Осыдан 100 жыл бұрын анау Орынборда қазан айының алғашқы күндері Ахмет Байтұрсынов қазақ радиосын қаһармандықпен өмірге әкелуіне үлес қосқан екен. Сонан бері бұл радио кәдімгі тұрмысымызға еніп, жан серігімізге айналды.

Қайрат Сақ, Л. Гумилёв атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

– Ашылып жатқан радиостудияның маңызы үлкен деп білеміз. Мұндай студия бізде бұрын да бар. ҚР Президентінің телерадиокешенінің сыйлаған телестудиясы бар факультетімізде. Сонымен бірге «Хабар» агенттігінің аудиториясы жабдықталған.

Студияда белгілі журналистер студенттерге заманауи контент туралы дәрістерін оқып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Ал жас жүргізушілердің ұстаздарымен бірлесе дайындаған жобалары әуе толқынына шығады. Радиостудия болашақта мықты мамандарды дайындау үшін таптырмас алаң болмақ, дейді факультет деканы.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев