Ғасыр жасаған қариялар халық санағына тіркелді

Түркістан облысында ғасыр жасап, жасы жүзден асқан 58 қария бар. Ұлы Отан соғысына қатысқан 26 ардагер тұрады. «Қариясын қастерлеген ел – ардақты» демекші, жергілікті әкімдік қызметкерлері өңірдің өркендеуі мен дамуына үлес қосқан ардагерлердің үйіне барып, халық санағына тіркеді.

Қарттар күні қарсаңында жалпыұлттық халық санағына онлаин қатысқандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Попков. Қазір ол Жетісай ауданы бойынша екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан жалғыз майдангер. Петр Кузмич 1925 жылы Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Украина, Белорусь майдандарына қатысқан. Кейін тың игеру кезінде алдымен Солтүстік, кейін Оңтүстік Қазақстанға келіп трактор айдап, осында тұрақтап қалған.

Петр Попков, соғыс ардагері:

– Тың игеру жылдары Қазақстандағы еңбек майданына Ресейден көптеген жұмысшылар тартылды. Мен де солармен бірге келіп, Солтүстікте 3 жыл жұмыс істедім. Кейін Оңтүстікке жіберді. Мұнда да мақталық алқаптарда тынбай еңбек еттік. Соғыстан кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласы мен ауылдарды қалпына келтіруге аянбай еңбек еттік. Халықтың ауыр тұрмысын түзетуге тырыстық. Қазір Жетісай менің туған жерім сияқты.

Қарт майдагер жасы 96-ға келсе де әлі тың, үйге өзі кіріп шығады. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан 5 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін «Ұлы Отан Соғысы» мен «Еңбек ардагері» және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Айта кетейік, Жетісай ауданында 175 мың тұрғын болса, соның 70 мыңға жуығы санаққа онлайн қатысқан. Ал осы Жетісайлық Тұтқабай Әлібекұлы жасы 85-ке келсе де әлі күнге атқа мініп, көкпар шабады. Осы күнге дейін денсаулығымның жақсы болып, өзімді сергек сезінуім - аттың арқасы дейді қария. Өзі 60 жыл көкпар шапса, қазір ол дәстүрді балалары мен немерелері жалғастырып келеді.

Тұтқабай Әлібекұлы, Жетісай ауданының тұрғыны:

– Қызығыңдар, бұл тұрғанымен спорт. Адамның денсаулығына бәріне пайдалы. Атқа мінген соң денеңнің бәрі қимылдап отырады. Қан жүріп отырады. Әкемнің 70 жаста туған ең кішкентай баласымын. Әкем 1950 жылы қайтыс болып кеткен. Қазір 9 перзентімнен 36 немерем бар, 31 шөберем бар қазір, Құдайға шүкір. Алланың бергені. Ризамын өмірге. 

Жалпы қазір Түркістан облысында жасы жүзден асқан 58 қария бар. Оның 6-ы осы Жетсай ауданында тұрады. Ал өңірде Ұлы Отан соғысына қатысқан 26 ардагер қалды. Сондай-ақ облыста Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 2667 қария және 6336 тыл еңбеккерлері бар. Сонымен қатар 8 мыңға жуық жекеленген санаттағы ардагерлер жылына бір рет демалыс орындарына барып, тегін тынығып тұрады. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 15,6 мың ардагерге қолдау көрсетілді. Олар қоғамдық көлікте тегін жүреді, коммуналдық төлемдеріне қолдау көрсетіледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш