Спортты серік еткен қариялар қатары артты

Ақтаулық Иван Кириченко мыңнан астам адамды жүгіруге баулып келеді. Ол 4 жыл бұрын осы спорт түріне қызығушыларға арнап әуесқойлар клубын ашқан. Бүгінде оның жетекшілігімен түрлі марафонды бағындырған спортшылар қатары артқан.

72 жастағы Разия Нұрғалиева да кәсіби атлеттерден қалысар емес. Спортты серік еткен әжей 11 жыл бойы жүгірумен тұрақты айналысып келеді. Қимылы ширақ. Қатарластарынан әлдеқайда жас көрінеді. Мұнысын спорттың пайдасы деп санайды. Күнде таңертең тұра салысымен теңіз жағалауына асығады. Алдымен жүгіріп, кейін 10 шақырым жаяу жүреді. Түрлі жаттығуды да меңгеріп алған. Аптасына 3 рет иогаға барады.

Разия Нұрғалиева, қала тұрғыны:

– 1 сағат 10 минуттай жаттығу болады, тағы шыққасын қыздармен қосылып жүреміз. Мынандай жасқа келгесін ауру болады ғой, жүрек, тағы басқа. Ұйқыға, жүйке жүйесінің тынышталуына өте жақсы. Жалпы, өте тамаша қалыпқа келесің, 1 сағаттан көп жаттығамыз ғой, өмірге жаңа келгендей боласың.

Ал бұл кешкі жүгіріс алдындағы шынығу. 20 шақты адам бұлшықеттерін ширатып, тынысын қалыпқа келтіріп жатыр. Салауатты өмір салтын ұстаған ақтаулықтар осында аптасына 3 мәрте бас қосады. Мақсаттары – бір. Түрлі марафонды бағындыру.

Жақып Балмағамбетов, қала тұрғыны:

– Мен Алматыға бара жатырмын. Tengri Ultra деп аталатын 35 шақырымдық марафонға қатысамын. Ваняға алғысым шексіз. Ол бұқара арасында жүгіруді насихаттап, бізді дайындап, жеңіл атлетиканы дамытуға үлес қосып жүр.

Клубтың негізін қалаушы – Иван Кириченко. Ол 4 жыл бұрын алғаш болып шаһарда желаяқтардың қауымдастығын құрды. Мамандығы басқа болса да, осы салада жетістікке жеткен. Жеңіл атлетикадан спорт шебері. Халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарған. Сондықтан 20 жылдық тәжірибесін ақтаулықтармен бөлісуді шешіпті.

Иван Кириченко, жаттықтырушы:

– Клубты құрудағы басты мақсат – жеңіл атлетика спортын дамыту. Жастарды жүгіруге баулу. Ең басында небәрі 3 адам болды. Сосын тегін жаттықтырып, марафондарға дайындаймыз деп хабарлама бердік. Шамамен 20 адам келді. Ал биыл ашылғанымызға 4 жыл толып отыр. Бір жиналғанда 130-дай адам келеді. Осы уақыт ішінде мың адам қатысыпты. Жеңімпаздар да жоқ емес.

Иван Кириченконың айтуынша, жыл сайын жүгірумен айналысатындар саны артып келеді. Тек, бір қынжылатыны - Ақтауда жеңіл атлетикаға жағдай жасалмаған. Яғни, жүгіру жолақтары мүлдем жоқ. Сондықтан, жергілікті биліктен мәселені шешіп беруді өтініп отыр.

Жадыра Иманбаева, қала тұрғыны:

– Жүгіруге жағдайдың жоқтығынан бізде әр түрлі травмалар болады. Кейбір балдар бар, аяғын жарақаттап алады, ары қарай жалғастыра алмай қалады. 1 шағынауданда «Каспий» стадионы бар. Соған тым болмаса жүгіретін жолақ жасап берсе екен.

Желаяқтардың айтуынша, клуб спорттағы азаматтардың басын біріктірумен шектелмейді. Мұнда бес адам өзінің өмірлік жарын кездестірген.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев