Түркістанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметін таныстырылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаменті мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы өңірлік филиалының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметін квазимемлекеттік секторларға енгізу бойынша кезекті оқыту семинары өтті.

Жиынға квазимемлекеттік сектор өкілдерінен бөлек, бейнебайланыс арқылы аудандардан 200-ге жуық комплаенс офицерлері қатысты.

Өткен жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңына өзгерістер енгізілгені белгілі. Содан бастап, квазимемлекеттік секторлардың жұмысына жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі енгізілді. Комплаенс офицерлері деген кім? Олардың атқаратын қызметі қандай? Семинарда квазимемлекеттік сектор басшылары мен компания өкілдеріне жаңа жүйенің тиімділігі мен ерекшелігі түсіндірілді.

Ақтөре Талғатұлы, Агенттіктің өңірлік департаментінің аға офицері:

– Комплаенс қызметкерлері квазимемлекеттік секторларда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларын сақтауды, оны ғұрыптауды және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бақылайтын маман болып табылады. Республикамызда заңнамалық негізде квазимемлекеттік секторларда ашылуы міндеттелген.

Комплаенс қызметі бізге таныс емес, жаңа ұғым болғанымен, халықаралық ірі компанияларда өзінің тиімділігін дәлелдеген. Сарапшылардың айтуынша, квазимемлекеттік сектордың барлық ұйымдарында комплаенс бөлімшелерін ашу арқылы мекемеде туындайтын құқық бұзушылық пен жемқорлықтың алдын алу.

Бауыржан Досжанов, облыс әкімдігінің мемлекеттік-құқық бөлімінің бас инспекторы:

– Комплаенс қызметін іске асырудың тиімділігін, осы жұмыстарды алға қарай ілгерілету, соны комплаенс офицерлеріне, квазимемлекеттік сектор басшыларына түсіндіріп жатырмыз. Облыста облыс әкімдігіне бағынатын басқармаларда және аудан, қала әкімдіктерінде 107 квазимемлекеттік секторларда комплаенс қызметі енгізілді.

Сондай-ақ еліміз бойынша барлық мектептерде жастардың бойына адалдық пен парасаттылықты сіңіріп, әділдік пен жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Адалдық сағаты» өтіп жатыр. Түркістандағы осындай іс-шара Жұмабек Тәшенов атындағы №23 мектеп-лицейде де ұйымдастырылды.

Ғабит Жүндібаев, Агенттіктің өңірлік департаментінің басқарма басшысы:

– Ұлы ақын, ойшыл, философ Жүсіп Баласағұнның «Адал болғын, біл, адалдық – киелі» атты тақырыбында осындай бейне ролик жасап, сол арқылы жастарға, жас ұрпаққа болашақта үлкенді сыйлап, адал, парасатты болсын деген ұғыммен «Адалдық» сағатын өткізіп жатырмыз.  

Айта кетейік, бейне дәрісті облыс бойынша 900-ден астам мектептің 70 мыңға жуық оқушы тамашалады. Одан бөлек, өңірдегі 68 колледж бен 2 ЖОО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Парасаттылық мектептері» сынды жобалар сәтті жүзеге асып келеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш