Миллион теңге кімге бұйырады?

Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры «Демеу» әлеуметтік жобасын іске асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді топтарға 60 грант бөледі. Жеңімпаздар 1 миллион теңгеге ие болады. Ол үшін қандай талап қойылады? Грантты иеленгендер не істеуі тиіс?

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бұған дейін байқау жариялаған. Сында қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры «Демеу» аталатын әлеуметтік жобаны іске асырушы ретінде жеңімпаз деп танылды. Жоба аясында  қор 60 миллион теңгені үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді топтарға қайтарымсыз грант ретінде бермек. Яғни 60 жеңімпаз болады. Әрбірі 1 миллионнан алып ауыл тұрғындарымен тікелей жұмыс істейді. 

Ермек Мәжитов, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы:

– Ұйымдардың негізгі жұмысы ауыл тұрғындарымен кездесіп  консультативті көмек көрсету, яғни ұйым құрамында медицина мамандары, заң мамандары және психологтар болу керек. Осы мамандардың көмегімен ауыл тұрғындарына арнайы семинар, тренингтер және жеке консультативті ақпараттық көмек қарастырылған. Сонымен қатар жобаның ең негізгі мақсаттарының бірі осы айтылған бағыттар бойынша ауыл тұрғындарының ішіндегі ең өзекті мәселерді анықтау, сол мәселелерді шешу мақсатында әрі қарай жұмысты нығайту және нәтижелі түрде іске асыру болып саналады.

Сонымен бұл әлеуметтік жоба «Демеу» деп аталады. 1 млн теңге грантқа ие болған ұйымдар мен белсенді топтар ауыл-ауылды аралап, жұртқа психологиялық, медициналық және заң тұрғысында кеңес беруі және өзекті мәселелерді анықтауы тиіс.

Ермек Мәжитов, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы:

– Бүгінгі таңда жобаға 77-ден астам үкіметтік емес ұйымдар қатысып отыр. Оның 56-сы қазір жоба талаптарына сай, яғни айтылған жұмысты атқаруға лайықты, құрамында жоғарыда айтылған мамандар да бар. Енді тағы да 4 ұйымды анықтаудамыз, нәтижесінде 60 ұйыммен жұмыс істейміз.

Жеңімпаз болып, грантқа ие болатындар 200 ге жуық ауылды аралайды. Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асатын «Демеу» әзірге пилоттық жоба. Оның барсында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған бағыттар бойынша өзекті мәселелер анықталып, нәтижесі бойынша, келешекте қалай жалғасын табатыны белгілі болады. Гранттардың саны да еселенуі мүмкін. 

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Арман Ақшабаев