Түркістанда Орталық Азия елдерінің экологиялық форумы өтті

Әлем экологиялық апаттың алдында тұр.

Сондықтан барлық мемлекет қазірден бастап бірлесіп, нақты іс-қимылға көшпесе, ахуал ушығуы мүмкін. Бұл туралы «Өңірлік ынтымақтастық және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытындағы бірлескен іс-қимылдар» атты I Орталық Азия форумында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында тағы қандай мәселелер айтылды?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Климаттың өзгеруі, жаһандық жылымық, құрғақшылық, су тасқыны, ауаға зиянды қалдықтар мен көмірқышқыл газының шамадан тыс таралуы сияқты сын-қатарлер бүгінгі форумда жан-жақты талқыланды. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан сарапшылары мен табиғат жанашырлары күрделі мәселенің күрмеуін қалай тарқатамыз деп бас қатырды. Қауымдастық Президиумының Төрайымы Әлия Назарбаева Орталық Азия елдері үшін сын-қатерлерді азайтудың нақты іс-шаралар пакетін әзірлеуді ұсынды.

Әлия Назарбаева, Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрайымы:

- 9 тамызда БҰҰ климаттық тобы адамзатты ойлануға шақыратын, көңіл көншітпейтіндей есеп ұсынды. Онда 10 жылдан кейін ауа температурасының көтеріліп, жерді құрғақшылық жайлайтыны, жауын-шашынның біркелі болмай, су тасқыны, өрт сынды қауіп-қатерлердің көп болуы мүмкін екені айтылды. Бұл Орталық Азия аймағына жататын елдерге де тікелей қатысты. Сондықтан барлық елдердің алдында көмірсутегі энергиясы мен қазба отынды азайтып, жасыл экономика көшуді тездетіп іске асыру міндеті тұр.

Демек, әлем дәстүрлі шикізат пен энергиядан бас тартып, олардың жаппай тұтынылуын азайтуға міндетті. Дамыған елдер қазірдің өзінде баламалы қуат көзін өндіріп, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін экологиялық таза технологияларға көше бастады. Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қосылу арқылы атмосферадағы парниктік газдардың құрамын төмендету бойынша шаралар қабылдады.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Осыған байланысты тиісті инфрақұрылым құру және «жасыл» технологиялар нарығын дамыту қажеттілігі туындады. Бұл үшін біз бірқатар заңнамалық құжаттарды, соның ішінде Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заңды қабылдау арқылы институционалдық негіз қаладық. Парниктік газдар шығарындыларын реттеу саласындағы заңнама жетілдірілді. Оның ішінде климаттың өзгеруіне бейімделу туралы жаңа тарау әзірленді.

Қазірдің өзінде көптеген елдер көміртектік бейтараптыққа жетуді өздеріне мақсат етіп қойған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылы Қазақстан да көміртектік бейтарап мемлекетке айналатынын айтқан болатын. Ал ол үшін не істеліп жатыр?

Елдос Абаканов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншіден, қазір Үкімет тарапынан арнайы төмен көміртектік даму мен экономиканың стратигеиясы жасалып жатыр. Ол осы жылы қабылдануы керек. Онда нақты көрсетілген. Қандай жұмыстар атқарылуы керек? Баламалы энергия 2030 жылы 15%-ке жеткізуге, бүгінгі күнде бұл 3% көлемінде.

Мәселен, Қырғызстан парниктік газды 2030 жылға қарай 11%-ке, Тәжікстан 10%-ке, Өзбекстан 2010 жылғы деңгейден 10%-ке төмендетуді жоспарлап отыр. Ал Түрікменстан 2030 жылға дейін жағдайды тұрақтандыруға ниетті. Жиында сөз алған көрші мемлекеттен келген сарапшылар да сутектік энергетиканы дамытып, электр мобильдерді пайдаланатын уақыт жеткенін тілге тиек етті.

Бахром Умарбеков, делегат (Өзбекстан):

- Өзбекстан қазір экологиялық таза технологияға бет бұрып келеді. Мысалы инвесторлардың көмегімен «жасыл» экономикаға күш салып жатырмыз. Елдің батысында қуаттылығы 100 МВТ болатын жел электр станциясы салынып жатыр. Одан бөлек, елдің үш аймағында сағатына 1 кВт электр қуатын өндіретін станциялар бой көтеруде. Біз осындай қортаған ортаға қауіпсіз технологияға көшуді жалғастыра береміз.

Табиғат тепе-теңдігін жоғалтқан кезде тосын мінез танытып, ауа райы да өзгеріске ұшырайтынын ғалымдар әлде қашан дәлелдеген болатын. Сондықтан сарапшылар Арал аймағындағы тұзды дауылды тоқтау үшін 13 мың гектар алқапқа 5 млн түп көшет отырғызылғанын айтты. Мамандар бұл ағаштар 10 жылда 20 млн тонна зиянды газды бойына сіңіріп алатынын айтады.

Асылхан Асылбеков, «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қоры» КҚ дирекциясының басшысы:

- Президент өз Жолдауында алдағы 5 жылда елімізде 2 млрд түп ағаш көшетін отырғызуды тапсырды. Ал енді 2 млрд түп ағаш 100 млн тонна көмірқышқыл газын бойына сіңіріп, залалсыздандырады. Біз мұны міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Ал аймақтық ынтымақтастыққа келетін болсақ, көрші Өзбекстан Аралдың табанына 300 мың гектар алқапқа сексеуіл көшетін отырғызды. Біз Арал апатынан осылай күш біріктіргенде ғана құшыла аламыз.

Қазір Үкіметте Қазақстанның 2050 жылға дейінгі көміртегі бейтараптық стратегиясы әзірленуде. Әлемнің 124 елі 2050 жылға дейін өздерінің көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алып отыр. Форум барысында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және қазақстандық делегаттар Орталық Азиядағы көміртегі бейтараптығына бірлесіп қол жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш