Сенаторлар Құрық портының қызметімен танысты

Маңғыстау өңіріне бір топ сенатор жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – өлке туризмін дамыту бағытында қолға алынған жұмыстармен танысу. Олар биыл теңіз жағалауында бой көтерген демалыс аймағында болып, одан әрі Құрық портының қызметімен танысты. Еліміздің тұңғыш паром кешені Елбасы бастамасымен 2016 жылы іске қосылған болатын. Бүгінге дейін 6 млн тоннадан астам әртүрлі жүкті өткізген. Депутаттар портқа дейін төселіп жатқан жол бойына туристік кешендерді көптеп салу қажеттігін айтты. Бұл ретте мемлекеттен қолдау шаралары ұдайы бақылауда екенін жеткізді.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР парламенті Сенатының депутаты:

- Жолдың бойына қонақ үйлер, суға түсетін арнайы орындар, демалатын орындар салынатын болса, толыққанды туристік аймаққа айналдыруға болады. Бұл қаншама азаматтарға жұмыс береді. Екіншіден, жергілікті жерлерге қаржы түсіреді. Салық түсіреді.

Талғат Оспанов, Құрық порты директорының орынбасары:

- Құрық портында паром қатынасымен қазақстандық жүктер экспортқа жіберіліп жатыр. Ол Әзербайжан арқылы Грузия, Түркия, Украинаға одан әрі қарай кетіп жатыр. Астық терминалын салып, өзіміздің астық өнімдерін Иран бағытына, Әзербайжанға жібереміз деген жоспарымыз бар.