Жамбылдық шаруаларға жанар-жағармай жетпей жатыр

Жамбыл облысының шаруалары күзгі жиын-терімге бөлінуі тиіс дизель отынын толық ала алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шілде-тамыз айларына кепілді жанармайдың 93%-і ғана жеткізілген. Келісімге сәйкес фермерлер қыркүйектің 10-ына дейін жанар-жағармайды толық қабылдауы керек еді. Алайда ол тағы кешігіп жетіп отыр және бекітілген көлемнен аз. Диқандар дизель жетіспеушілігінен туындаған шығынды алдағы көктемгі дала жұмыстарының қоры есебінен жабуға мәжбүр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары негізгі оператор сұйық отын тасымалдаушы мекемелерге уақытында қаржы аударғанын айтады. Бірақ жеткізуші жеке фирмалар кестеден кешігіп жатыр екен. Ал тасымалдаушылар болса дизельдің басым бөлігі алдыңғы кезекте орталық және солтүстік өңірлерді қамтуға бағытталып жатқанын айтып ақталады.

Ерлан Көлкеев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ресурс сақтау, бөлу, жеткізу жөніндегі мекемелерді Энергетика министрлігі бекітеді. Тұрар Рысқұлов пен Шу аудандарын қамтушы серіктестік сала министрлігінің қойған бағасымен келіспей, Жамбыл облысына дизель жеткізуден бас тартып отыр.