426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақмола облысында 26 мың қарияға қаржылай көмек көрсетілмек

  • 98
  • UPD: 22:54, 01.10.2021

Көкшетауда қазан айы бойы зейнеткерлерге қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл – жергілікті әкімдіктің Қарттар күніне орай жасап отырған сыйлығы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ бір ай бойы аймақтағы қарияларға тегін әлеуметтік, медициналық және басқа да жәрдем жасалады. Ал, мерекенің бастауы ретінде бүгін облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің белсенді қарттарын жинап, сый-құрмет көрсетті.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Пандемия басталғалы бері қариялардың бас қосып отырғаны осы. Бір жарым жылдай бір-бірін көрмеген олар бүгін қуанып жүр. Ал қарттарды құттықтап, сый-құрмет көрсеткен облыс әкімі Ермек Маржықпаев қазан айы бойы жасалатын қамқорлықтан бірде-бірі тыс қалмайтынын жеткізді.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Мен қазан бойы қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы облыс әкімдігінің қаулысын бекіттім. Онда үйдегі медициналық қызмет көрсету, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге қысқы отын, шаруашылықтар үшін азық дайындау, тұрғын үйді жөндеу және басқа да көмек түрлері көзделген.

Жалпы Ақмола облысында 100 мыңнан астам қария бар. Олардың 26 мыңына бас-аяғы 170 млн теңге болатын қаржылай көмек көрсетілмек. Ал, егде жастағы 1500-ден аса адам шипажайға жолдама алған. Мемлекеттің жәрдемінен бөлек, аймақ кәсіпкерлері де ол кісілерге қол ұшын созуға қашан да дайын.

Шияп Әлиев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Кәсіпкерлердің ынтасы өте жақсы. Қазірдің өзінде біз оларға тізімді беріп үлгермей жатырмыз жазуға. Барлық банктер, кәсіпкерлер сұрап, бізге қаттарды беріңдер, кім сондай керек қылатын, тұрмыстары нашар, көп балалы отбасылар, мүгедектер бар ма деп жатыр. Алла жазса, бір айдың ішінде олардың бәрі көмегін алады деп отырмын.

Жібек Бағысова, Қазақстанның халық әртісі:

- Біз де жас болғанбыз. Біз де жаңағы осындай уақытқа жетеміз деп, осындай құрметке жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Осының барлығы еңбекпенен. + Жастарымыз өсе берсе екен. Осы бізді құрметтеп жатқаны жастарға жұғысты боса екен деп тілегіміз сондай біздің.

Осылайша, бүгін аймақта қарттарға құрмет айы басталды. Жоспар бойынша облыстық әкімдіктен бастап қала және аудандардың әкімдіктері қарияларға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың түрлі көмектерді тегін алуына жағдай жасайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы