Қостанайдағы супермаркеттер шығынға батып жатыр

Кәсіпкерлер үшін күнбағыс майы, көкөніс, қант сату тиімсіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнімдердің бұл түріне аймақта бір жылға дейін шекті баға қойылған. Ал жеткізушілер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өткізу құнын өздері белгілейді. Осыдан өткізу бағасынан гөрі сатып алу айтарлықтай қымбатқа түсіп отыр. Мысалы, сауда орындары қырыққабаттың бір келісін 100 теңгеге алып, келісім бойынша 88 теңгеге саудалауға мәжбүр.

«Салалық ведомстволар тауар құнын бекітуді созбалаңға салғандықтан баға саясатында осындай ауытқушылық туындап отыр», - дейді бөлшек саудамен айналысатындар. Яғни, тиісті хаттамалар рәсімделгенше кейбір әлеуметтік тауарлар қымбаттап үлгереді.

Төлеутай Ержанов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Шекті бағаны орнату ұзақтылығы 60-тан 70 күнге дейін созылады. Бұл сұрақты Қостанай облысының Әділет департаменті арқылы министрлікке жібергенбіз. Хатты алғанда ол кісілер айтты, талқылауды 30 күнде кеміте алмаймыз. Өйткені бұл сұрақ Сауда министрлігіне байланысты. Сондықтан сондай талқылау 30 күнде жүруі тиіс. Біз енді жергілікті атқарушы органы ретінде бұл сұрақты шеше алмаймыз. Бұл сұрақты бұрыннан бері көтеріп келе жатырмыз. Әзірге шешімі жоқ.