Ресейдің Рязань облысы аумағындағы Қасым хандығын қазақтар да басқарған

Ресейдегі Рязань облысының аумағында орта ғасырларда Қасым хандығы болғанын білесіз бе? Оны Қазан ханы Мұхамедтің ұлы Қасым құрған. Негізі 1452 жылы қаланып, 230 жылдай өмір сүрді. Осы аралықта оны қазақ хандығының өкілдері де басқарған. Бүгінге дейін олардан қандай белгі сақталды?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Қасым хандығы құрылған сәттен бүгінге дейін сақталған жалғыз нысан мына мұнара. Биіктігі шамамен 22 метр. Құрылысы 1468 жылы басталып, 1477 жылы аяқталған. Әу баста мұнараның жанында мешіт болған. Бірақ ол 18-ғасырдың ортасында қиратылып, кейін қайта қалпына келтірілді. Ал мына жерде осы Қасым хандығын басқарған Шах-Әлихан мен Сүйнбике жерленген. Сондай-ақ хан әулетінің тоғыз мүшесі бар. Бірақ олардың белгі тастары бүгінге дейін сақталмады.

Татьяна Михайловна, өлкетанушы:

- Бұл Шах Әлиханның зираты. 1555 жылы көзі тірісінде өзі салдырған. Сәулет үлгісі қарапайым. Кіреберісінде оның қашан және кім салдырғаны жөнінде арап әріптерімен  жазылған. Сол жағында құран оқитын жер, астыңғы қабатта бейіт, үстіңгі жағында белгі тастар қойылған. Бірақ көбі сол қалпында сақталмады. Негізі бұл аймақта Қазан, Астрахань, Қырым, Қазақ хандықтарының өкілдері көп болды. Олар өзара қыпшақ тілінде сөйлескен.

Қасым хандығы құрылғаннан құлағанға дейін мұнда Шыңғыс ұрпағынан 14 адам билік құрды. Олардың арасында қазақ хандығынан келген Ораз Мұхамед Онданұлы да бар. 1600 жылдары Қасым хандығында оны ақ киізге отырғызып, хан көтерген. Тарихи деректерге қарағанда ол Қазақ хандығын құрған Жәнібектің ұрпағы. Тәуекел ханның немере інісі. 2019 жылы оның жерленген жері табылып, басына белгі тас қойылды.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Ол кісінің ойында болды Қасым хандығын Ресейге бағынбайтын жеке мемлекет жасау. Сол үшін де мүмкін Лжедмитрий Біріншімен, Лжедмитрий Екіншімен байланысып, кейінгі кезде солардың жағына шықты. Соның осындай бір қылығын байқаған Лжедмитрий тапсырма беріп жендеттеріне оны қаза таптырады. 

Бүгінгі Қасым қаласының маңындағы мына жазық дала бұрын зират болған. Оның дәлелі мына кесене. Ішінде тарихта аты қалған бес адамның белгі тасы бар. Соның бірі Қайырғали Жалайри. Ораз Мұхамедтің досы әрі жалнамашы болған. Жатқан жері Ораз ханның белгісі қойылған аумақтан алыс емес. Арасы жүз метрдей ғана.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Қазақтың жерінен шыққан. Оразмұхамедпен өмір бойы бірге жүрген. Соның күллі өмірін, тарихын жазған. Тек Ораз сұлтанның тарихы емес, күллі қазақтың тарихын жазған адам ол Қайырғали Жалайри. Оның басына да тас әкеліп қойылған екен. 

Эльдар Бекуев, Рязань облысы татар халқының ұлттық мәдениеті автономиясының төрағасы:

- 2022 жылы біз бұл нысандарды реставрациялау жұмыстарына кірісеміз. Бұл жәдігерлер Ресей федерациясы немесе Резань облысының тарихына ғана қатысты емес. Мұнда Қасым хандығын басқарған және тығыз байланыста болған Қазақ хандығының да өкілдері жерленген. Сондықтан ескерткіштердің маңызы жоғары.

Тарихи деректерге қарағанда Ораз Мұхамед хан қаза тапқаннан кейін сарайындағы заттар Мәскеуге жөнелтілген. Сол жәдігерлердің арасында бабамыз Қадырғали Жалайридің жазбалары кетті. Олар Ресей мұрағатында сақталған.  

Талғатбек Әбді қожа, Қуаныш Қожабеков

Сондай-ақ...