426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда салауатты өмір салтын ұстанған атлет қария тұрады

  • 100
  • UPD: 16:39, 02.10.2021

Ертіс өңірінде жеңіл атлетиканы серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанған зейнеткерлердің қарасы қалың. Солардың бірі Валентин Ухов. 74 жастағы әуесқой спортшы кір тасын көтеруден әлемнің бес дүркін чемпионы. 100 және 400 метрлік спринттік қашықтықта да оған тең келер адам жоқ.

Валентин Ухов әр күнін таңғы жаттығу мен жеңіл жүгірістен бастайды. Бүгін кезекті жарысқа келіп, 1600 метрлік қашықтықта бағын сынады. Валентин Григорьевич спортты серік еткен қариялардың бірі әрі бірегейі. Бүгінде елімізде 100 және 400 метрлік жүгірісте оған тең келер адам жоқ.

Валентин Ухов, әуесқой спортшы:

- Табиғатымнан етім тірі жанмын. Қысқа қашықтықтарды жақсы көремін. Жылдам, жүйрік болғым келеді. Денімнің сау болғанын қалаймын. Ол үшін дұрыс тамақтанып, зиян әдеттерден аулақпын. Жасым жетпістен асса да әлемдік, республикалық жарыстарға барып жүрмін. Жеңістерім де баршылық.

Әуесқой атлет биыл Қазақстан чемпонатында рекорд орнатты. Валентин Ухов өз жас санатында 100 метрді 15,43 секундта, ал 400 метрлік қашықтықты 1 минут 23,47 секундта жүгіріп өтті.

Валентин Ухов, әуесқой спортшы:

- Жарыстарға тоқсаныншы жылдардан кейін қатыса бастадым. Бақ сынағанда әрдайым бірінші келгім келеді. Спринтермін. Жеңіліп қалсам келесі бәсекеге тыңғылықты дайындаламын. 66 жасқа толғанда кір тасын көтеруге әуестендім. Жаттығуларым зая кетпеді. Жеңісті сәттерім көп болды.

Валентин Ухов кір тасын көтеруден де әлемдік рекордтың авторы. Төрт жыл бұрын Грецияда өткен әлем чепионатында 16 келілік тасты ұзақ циклде 64 рет көтерді. Бүгінгі күнге дейін бұл көрсеткіш жаңартылмаған. Қатарластырының алды бола білген қария «спорт жас таңдамайды» дейді. 

Нұрлан Қасен, әуесқой спортшы:

- Ол кісіні баяғыдан танимын. Жарыстарға қатысып жүргеніне 10 жылдан аса танимын. Ол менен үлкен, бірақ үлкен болса да бірге қатысып жүрмін. Бірінші марафонымды 60 жаста жүгіріп өттім. Жалпы үш марафон жүгіріп өттім. 2017, 2018, 2019.

Спортшының ендігі арманы ардагерлер арасында өтетін Азия және Бүкіләлемдік ойындарға қатысу. Қазіргі рекордтық көрсеткіштерін жаңартуға да ниетті. Қазіргі уақытта 100 метрлік қашықтықты 14 секундта жүгіріп өтуге дайындық үстінде. 

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы