Ақтөбеде «Дары Кубани» жәрмеңкесі жалғасып жатыр

Ақтөбеде Абхазия, Армения, Адыгей және Кубань өңірлерінен жеткізілген өнімдер жәрмеңкесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Ерекше әдіспен дайындалған шұжық пен ірімшік және құрғақ жемістер, тәттілер келушілердің назарын аударды. Әсіресе, шәй мен дәмдеуіштердің ондаған түрі тәжірибелі аспаздардың өзін таң қалдырды. 

Кубан өлкесінен жеткізілген тағам түрлерінің жәрмеңкесі соңғы күндері қыза түсті. Ақтөбеге жылына бір рет келіп, он күн тұрғындарға тауарларын ұсынатын шаруалар бұл жолы да үздік өнімдерін әкелген.

Ливан Абуладзе, жәрмеңке ұйымдастырушысы:

– Бұл шаруалар жәрмеңкесі Сочи қаласынан келді. Ең дәмді, табиғи және пайдалы өнімдерімізді әкеп отырмыз. Кез-келгенінің дәмін татып көруге болады.

Жәрмеңкеге қойылған түрлі-түсті дәмдеуіштер көпшіліктің назарын аудартып отыр. Әсіресе, бірнеше тұз түрлері, бұрыш және өзге де қоспалар көздің жауын алады.

Дәл осындай алуан түрлілікті Краснодар өлкесінде жиналатын шәйлар қойылған сөреден де көруге болады. Қара, көк түстерінен өзге, орман алқаптарында өсірілгендері де әкелінген. Көбінің денсаулыққа пайдасы зор.

Күнсұлу Нұрлыбаева, қала тұрғыны:

– Жүрекке пайдалы, тамыр бойын тазалайтын, асқазан, өт жолын тазалайтын шәйлар келіп жатқан соң соған қуанып алып жатырмыз.

Кептірілген жеміс-жидектер де тұтынушылардың таңданысын туғызып жатыр. Дәрумендер мен минаралды қышқылдарға бай болғандықтан дәмі де тіл үйіреді.

Ашот Андреасян, шаруа:

– Бізде жемісті кептіру табиғи жолмен жүзеге асырылады. Яғни, күн астында қойылады. Құрамында ешқандай қоспасы, қант жоқ. Алма, құрма, өрік, жаңғақ түрлері бар.

Мұндағы тосаптардың да денсаулыққа пайдасы зор. Кейбірінің маусымдық тұмауға да қарсы тұрарлық қасиеті бар екен. Ал, чурчхела, пахвала және щербет секілді тәттілердің де жәмін татып, тиімді бағамен алуға болады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев