Павлодардағы ең ірі саябақтың сәні кетті

Павлодарда ең ірі саябақ қалпына келтірілмек. Осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін мұндағы көп жылдық теректер мен қайыңдар қурап қалған еді. Оған жер асты суының көтерілуі себеп болыпты. Содан бері «Металлургтер» паркіне ағаш отырғызылмаған. Бір кездері көк тіреген зәулім бәйтеректердің жұрнағы да қалмапты. Қысқа мерзімде қу тақырға айналған саябақты көғалдандыру үшін жергілікті билік жаңа жоспар жасады. Алдағы уақытта инфрақұрылымды мейлінше азайтып жасыл желек қорын көбейту міндеті тұр. Қазір түрлі ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылып жатыр. Жаңадан отырғызылған ағаш көшеттеріне қайраң судан қауіп жоқ көрінеді.

Жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен осындай жағдай орнады. Ағаштар өспей қалды. Қазір саябақ қалпына келтіріліп жатыр. Сондықтан суару жүйесін қадағалап отыруымыз қажет.

Алғаш рет 400 түп көшет отырғызылды. Келешекте олардың санын мыңнан асыру көзделіп отыр. Тез өсетін әрі күтімді көп қажет етпейтін терек, үйеңкі, тал ағаштары саябақтың сәніне айналмақ. Қарағай, арша мен шыршаларға да орын бар. Жобаны жетілдіруші тарап демалыс орнын бастапқы қалпына келтіреміз деп отыр. Павлодарда қазір күзгі ағаш егу науқаны жүріп жатыр. Облыс орталығының жасыл желек қоры 5 мыңдай жас көшеттермен толықты. Алдымен саябақтар жаздан қалған қоқыстардан тазартылады.

Арслан Қалиақпаров, Павлодар қаласы ТКШ бөлімінің жетекшісі:

– Қала тазалығына 200-ден астам түрлі ұйымдар мен жекеменшік құрылымдар атсалысады. Қоқыстарды полигонға апару бір ай бойы тегін ұйымдастырылады.

Аймақта күзгі ағаш егу мен бірге абаттандыру айлығы жарияланды. Кең көлемді тазарту жұмыстарымен көгалдандыруға 35 мың адам жұмылдырылады. Бүгінгі таңда 600 техника бірлігі қаладан 43 мың тонна қоқыс шығарған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат