«Қазполиграф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне – 80 жыл

Семейде қаптама материалдарын шығаратын ірі кәсіпорын «Қазполиграф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 80 жылдығын атап өтті. Елімізде ғана емес, Орталық Азия мен Ресей нарығында сапалы өнімдерімен танылған комбинат өрісін кеңейтіп, қызметін одан әрі жетілдіріп келеді. Мұнда қазір түрі мен түсі, сәні сан алуан қаптамалар озық технологиялармен шығарылып жатыр. Кәсіпорында 600-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Кез келген тауардың нарықта – өтімді болуы оның қаптамасына да байланысты. «Қазполиграф» мамандарының басты мақсаты – сәні мен сапасы үйлескен дүниелер жасау. Бұл жұмыста тапсырыс берушілердің көңілінен шығып6 оқ бойы озық болу үшін еуропалық құрал-жабдықтардың көмегі зор.

Раушан Мұратқанова, «Қазполиграф» ЖШС маркетологы:

– Жаңадан құрылған италиялық Фосбер гофраконвейері сұранысқа ие болатын микрогофра түрін де жасайды. Гофра өнімдері бізден лист, лоток, жәшік болып шығарылады. Пюрпак тектес қорап сүт өнімдерін тұтынушыға жақсы сақталған түрінде жеткізеді. Мұны жасау үшін арнайы Natura маркалы картон Финляндиядан алынады. Экопакеттер қағаздан жасалған, өзінің табиғи қасиеттерімен ерекшеленеді. Жұмыртқа сақтап, тасымалдауға арналған кедір-бұдырлы ыдыс шығарамыз, ол картон қалдықтарынан қайта өңделіп жасалады.

Заманауи құрал-жабдықтарда терең және флексографиялық баспа арқылы кез-келген кескін келбетті орамалар мен қораптардың бетіне түсіруге болады. Бұл жаңғыртудың бәрі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жүзеге асқан.

Қайрат Омарғалиев, «Қазполиграф» ЖШС Сыртқы экономикалық қатынастар жөніндегі директоры

– 80 жылда қалыптасқан «Қазполиграфтың» құндылықтары ол әрине мамандар тәжірибесі, технологиялары, нарықты тани білуі және жиған беделі. Ірі кәсіпорын болғандықтан, мұнда 600-ден астам адам жұмыс істейді. Біздің орауыш шығарудағы миссиямыз – тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасында дәнекер болу.

Кәсіпорынның 80 жылдығы қарсаңында құрал-жабдықтардың 90 проценті жаңғыртылып, жаңа желі іске қосылды. Қазполиграф өнімдерін бүгінде өз елімізбен қатар Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан да тұтынады. Ендігі мақсат – жаңа белестерді бағындырып, шетелдік нарық үлесін арттыру.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов