Павлодарда қазба жұмыстары кезінде табылған көне киімдер қалпына келтірілмек

Павлодарлық қолөнер шеберлері археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған маталарды зерттеп, көне киімдерді қалпына келтіруді қолға алмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Археологтар алтын жіптермен тоқылған жібек маталардың қалдығын тапқан. Осы орайда тігіншілікпен айналысып жүрген қыз-келіншектер Марғұлан орталығы жанындағы Ұмай халықаралық ғылыми-зерттеу  зертханасында бас қосты.

Ертіс өңірінен табылған көне жәдігерлер сол дәуірдің өркениетін паш етеді. Тоқыма киімдердің жұрнағына талдау жасаумен айналысып жүрген Татьяна Крупа кейбір дүниелердің үлгісін жасауға  болады дейді. Ол – Алтын Орда заманындағы бас киімдер, белдемшелер мен шапандар.

Қазба жұмыстары кезінде археологтар алтын жіптермен тоқылған қамқа, жібек маталардың қалдығын тапқан. Олар өте нәзік келеді екен. Археологиялық тоқыманың көшірмесін жасауға Татьяна Крупа бір жарым жылын жұмсаған. Жібек маталардың 130 үлгісін өңдепті.

Татьяна Крупа, реставратор:

- Өте сәнді, ерекше мәдениетті көз алдыңызға әкеледі. Сауда-саттық дамыған кезең болуы мүмкін. Өйткені менің қолымда қытайдың жібек маталарының қалдықтары бар. Жібек жолының оңтүстікке қарай өткенін білеміз. Бірақ Сібірден бағалы аң терілері әкелінген.

Павлодар облысы аумағынан табылған әйел адамның күміс бас киімі тарихи-өлкетану музейінде тұр. Сәукеле пішінді мына үлгіні Ұмай орталығының қызметкерлері құрастырған.

Анар Жұрағатқызы, Қазақ ұлттық киімдер әлемі орталығының директоры:

- Сапасы өте қатты сақталғаны соншалықты, неше ғасыр сақталғанын мен білмеймін. Өте әдемі сақталған. Қазіргі киімдерден мен ондай құндылықты көрген жоқпын. Сонда біздің ата-бабаларымыз сондай керемет құнды нәрселерді киген болып отыр ғой. Оның құпиясы неде екен? Соның сырын ашқым келеді.

Қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен тоқыма бұйымдар өндірісін дамытуға үлес қоспақ. Оның негізіне археологиялық үлгілер кіруі мүмкін.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат