Түркістан облысының шаруалары тұңғыш рет тамшылатып суару әдісін қолданысқа енгізді

Түркістан облысының Созақ ауданында ағын су тапшы. Сондықтан шаруалар тұңғыш рет тамшылатып суару әдісін қолданысқа енгізді. Бұрын диқандар жоңышқа алқабын көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет орып алатын. Енді қара күзге дейін шабындыққа 4 мәрте шалғы салуға мүмкіндік бар.

Созақ ауылындағы шаруа қожалығының иесі Шәріпжан Рысметовтің 21 гектар суармалы жері бар. Бірақ тұрақты ағын су болмағандықтан, диқан жылда тіршілік нәрінен тарығатын. Еткен еңбек еш кеткендіктен шаруа өткен жылы егіс алқабының басынан құдық қаздырып, су жинайтын бассеин салдырған. Ал биыл жаңбырлатып суару техникасын сатып алыпты. Осының нәтижесінде диқан 5 гектарға қарбыз егіп, 110 тонна өнімді Ресейге экспорттаған. Бұл Созақтық шаруалар үшін үлкен жетістік. Қазір шаруа тұтас алқапты жаңбырлатып суарып, рахатын көріп отыр. Адам күшін де, суды да үнемдеуге болатынын айтады. 

Шәріпжан Рысметов, диқан:

– Айырмашылығы өте үлкен. Арықпен суғарсаңыз, топырақ тапталады. Тығыздалып қалады, тамырлар еркін ауа ала алмайды. Өсе алмайды. Жаңбырлатып суарсаңыз, топырақ өзінің бос қалпын сақтап тұрады. Тез дамып, тез өседі. Өнімі де жақсы болады. Барабаннан 400 метр қашықтыққа дейін барады. 3 режимде жұмыс істейді. Өте жай, орташа, одан кейін тоқтатып қойып суаруға да болады. Нәтижесі жақсы.

Ал осы ауылдағы тағы бір шаруа қожалығы жаңбырлатып суару қондырғысын қолдан құрастырып алған. Шаруашылық төрағасы Хуршид Дәвеновтың айтуынша, бұрын 9 гектар алқаптағы жоңышқаны жылына бір рет орған. Себебі су тапшы. Бұлақ көздері де тартылып кеткен. Қазір енді жаңа технологияның арқасында жылына 3 рет өнім алады.

Хуршид Дәвенов, диқан:

– Құдайға шүкір, еңбегіміз бекер кеткен жоқ. Су қазір 9 метр тереңдіктен шығып тұр. Сағатына 50 текше метр су сорылады, таусылмайды. Қазір 9 гектар жер суарылып жатыр. Келер жылы 25 гектар жерге енгіземіз деген жоспар бар.

Қазір «Созақта су жоқ» деп қарап отырмай, жаңа технологияға иек артып, суармалы алқапқа жан бітірген шаруалардың қатары артып келеді. Бірнеше шаруашылық жаңбырлатып суару әдісін қолға алды. Бағасы 9 млн теңге тұратын техника құнының тең жартысын мемлекет өтеп береді.

Батырхан Аяпов, Созақ ауылдық округінің әкімі:

– Созақ ауданы шөлейтті аймақ, білесіздер. Биылғы жылы мемлекеттен 50 пайыз субцидиямен жаңбырлатып суару құрылғысы алынды. Жылда осы суармалы жерден таудың ағын суымен бір-ақ рет суаратын. Биыл орып алуға мүмкіндіктері болып отыр. Алдағы уақытта ауылдағы шаруалар дамытамыз деп отыр. Тағы 4-5 шаруа келер жылға жоспарда тұр.

Жалпы Созақ ауылдық округінде 1800 гектар суармалы жер бар. Бірақ ағын судың тапшылығына байланысты оның мың гектарға жуығы ғана игерілуде. Ал мамандардың есебінше, жаңбырлатып суаратын бір техника 10 гектар алқапты суландырып, суды 3 есеге дейін үнемдейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы