Ұлыбританиядағы Лондон марафонына отандасымыз қатысты

Ұлыбританияда Лондон марафоны қайта жанданды. Жарыс өткен жылы пандемияға байланысты виртуалды форматта өткен болатын. Биыл оған мыңдаған адам қатысып, арасында отандастарымыз да болды.

Биылғы марафон жылдағыдан өзгешелеу өтті. Қатысушылар алдымен коронавирусқа тест тапсырды. Жұқтыру қаупін азайту мақсатында ұйымдастырушылар желаяқтарды: кәсіби, әуесқой және мүмкіндігі шектеулі спортшылар деп бірнеше топқа бөліп, сөре сызығынан әртүрлі уақытта шығарды. 40 мыңнан астам қатысушы Гринвич бағынан Букингем сарайына дейін жету үшін 42 шақырымды өткеруі тиіс болды. Кәсіби желаяқтардың арасынан ерлерден эфиопиялық Сисей Лемма, ал әйелдерден кениялық спортшы Джойселин Джепкосгей топ жарды.

Әуесқой спортшылардың арасында отандасымыз Мәлика Әбіқалықова да болды. Инвестициялық банкте қаржы сарапшысы болып жұмыс істейтін ол жарысқа бір жыл бойы дайындалған. Бұрын-соңды мұндай жарысқа қатысып көрмесе де, алыс қашықтықты оңай өткеріпті.

Мәлика Әбдіқалықова, Лондон марафонына қатысушы:

– Бұл марафонға қатысушы үшін бүкіл әлемнен спортшылар келді. Мен бүгін Қазақстанның атынан ауқымды спорттық шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Отбасыма, достарыма және барлық қазақстандықтарға маған қолдау көрсеткені үшін рахмет айтамын. Лондоннан Отаныма сәлем жолдаймын.

Лондон марафоны әлемдегі ең ірі қайырымдылық шараларының бірі саналады. Халықтан жиналған ондаған миллион стерлинг фунты қатерлі ісікпен ауыратын балаларға және олардың отбасыларына беріліп, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға жұмсалады. Мәликаның демеушілері оған 2000 фунт, яғни 1 миллион 200 мың теңгедей ақша жинап берді. Лондонда оқып немесе жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар марафоншыны құттықтады.

Уәли Әбдірақым, жанкүйер:

– Біз Маликаны қолдауға келдік. Бүгінгі Лондон марафонын аяқтағаны үшін біз өте қуаныштымыз. Қазақтың туын Лондонда көтеріп жүргені үшін өте қуаныштымыз.

Лондон марафоны биыл 40 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Өткен жылы ол пандемияға байланысты виртуалды форматта ұйымдастырылды. Биылғы жарысқа да 40 мыңнан астам желаяқ арнайы қосымшаның көмегімен онлайн қатысты.

Сондай-ақ...