Шығыс Қазақстанда тырнаға қатысты дау шықты

Құсты құтқарам деп, басы дауға қалды. Шығыс Қазақстанда демалыс базасының иесі Бұқтырманың бойында жатқан жаралы тырнаға көмектесем деп, заң алдында жауап беруде. Ол қамқорлыққа алған тырна Қызыл кітапқа енген құс екен. Осылайша тәртіп сақшылары тырнамен қоса кәсіпкердің жекеменшік жануарлар мүйісіндегі барлық аң-құсын жинап алып кеткен.

Михаил Сохин туризмді дамытып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өздерінше демалыс базасын даралау үшін жануарлар мүйісін ашып қойған еді. Онда жанат, тасбақа, үйрек сынды түрлі аң-құстар мекендеді. Тіпті, осы қатарға тырна да қосылды. Алайда қазір мұндағы тор босап қалды деуге болады.

Бұл жердегі шағын жануарлар бұрышы, әсіресе, балалар үшін қызықты орындардың біріне айналған еді.

Наталья Новикова, турист:

– Биыл Вашингтоннан немерем келді. Осы жерге демалуға ертіп келдім. Осындағы барлық балалар мына жануарларды тамашалап, соларды көріп мәз болатын.

Қазір мүйісте жанат пен түйеқұстар ғана жүр. Полиция қызметкерлері екеуін ғана қалдырыпты. 

Михаил Сохин, демалыс базасының иесі:

– Полиция қызметкерлері ешбір ресми қағаз көрсетпестен, жетіп келді. Бұл жер менің жекеменшік аумағым болса да, ештеңеге қарамады. Сөйтіп Қызыл кітаптағы құс деген тырнамен қоса барлық үйректерді, тіпті, тасбақаны да алып кетті. Бұл істері туралы құжат та қалдырмады.

Сөйтсек, гәп басқада екен. Жануарлар мүйісін мекендеушілердің қайсы Ққызыл кітапқа енген, қайсы енбеген оны полиция бірден анықтай алмапты. Сондықтан олар бір демде бар жануарды Өскеменге алып кеткен. Тәртіп сақшылары барлығы хаттамаға сәйкес жүргізілді деп отыр.

Ақылбек Досымбетов, ШҚО ПД Көкпекті ауданы Полиция бөлімі басшысының орынбасары:

– Оның барлығы Қылмыстық процесс кодексінің аясында жүргізілді, ол арнайы біздің оқиға болған жердегі қарау хаттамасынан алынған болатын.

Қазір тәркіленген аң құстардың ішінде тек ақбас тырнаның ғана Қызыл кітапта енгені анықталды. Сол себепті қалғандары кәсіпкерге қайтарылды. Ал осы оқиғаға себепкер болған тырнаға болашақта не болары белгісіз.

Лидия Никифорова, демалыс базасының қызметкері:

– Оны тауып алған кезде ол өлейін деп жатқан балапан болатын. Тамызғышпен тамақтандырып, күтіп, өсірдік. Сөйтіп кәдімгі әдемі тырна болды. Қазір қолға үйреніп алды. Босатып жіберсек, бәрібір қайтып келетін.

Бұл атышулы құс өлкедегі қорықтардың біріне өткізілуі мүмкін дейді мамандар. Ал оны құтқарып қалған кәсіпкерге қатысты іс әлі жалғасып жатыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов