Түркістан облысында автомобиль жолдарын жөндеуге 35 млрд теңге қаржы бөлінді

Биыл Түркістан облысында автомобиль жолдары саласын дамытуға 35 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған 621 нысан мен ұзындығы 1664 шақырым болатын жолдар мен көшелер жөнделеді.

Сайрам ауданында ауыл жолдары жөнделіп жатыр. Мәселен, биыл 4 ауылдық оркугті аудан орталығымен жалғайтын жол жаңартылды. Тұрғындар бұрын қарға адым жердегі елді мекенге жету мұң болғанын айтады. Шұрық-тесік жол жеткізбей діңкелететін. Енді жүйкені жұқартқан жол мәселесі шешілді. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 870 млн теңге жұмсалған.

Мұхтар Оңғарбаев, Сайрам ауданының тұрғыны:

– Жолда жүру мүмкін емес еді ғой. Ақсуға жетудің өзі хикая еді. Шұңқыр-шұңқыр. Биыл енді көктемде жолға жөндеу істегелі бері, Құдай жарылқап, зуылдап жүрміз.

Биыл жыл соңына дейін Сайрам ауданында 25 ауылдың жолы жөнделеді. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қолға алынды. Осындай жұмыстар Түркістан мен Кентау қаласы маңындағы ауылдарда да жүргізіліп жатыр. Мәселен Түркістан - Балтакөл, Түркістан-Қарнақ-Кентау бағытындағы ұзындығы 80 шақырым болатын жол күрделі және орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Құрылысы келер жылы аяқталады.

Мейрамбек Тәжіханов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

– Келісім шарттың құны 904 млн теңге. Биылға қаралған қаржысы 304 млн теңге. Өздеріңіз көргендей 8 шақырымына асфальт бетон төселген. Жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл Сауран ауданы мен Кентау қаласын жалғайтын күре жолдың бірі.

Жалпы облыстағы елді мекендер де 557 нысан мен ұзындығы 873 шақырым көшелерге асфальт төселіп жатыр. Биыл жыл соңына дейін соның 797 шақырымының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сөйтіп жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 79%-дан 87%-ға арттыру көзделуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш