426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысын білдірді

  • 61
  • UPD: 14:03, 04.10.2021
Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысын білдірді

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның беларусь этносының өкілдері Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Анатолий Маркевичпен кездесті, деп хабарлайды Хабар 24 Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1-3 қазанында астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндері өтті.

Беларусьтің Мәдениет министрі еліміздегі беларусь этномәдени бірлестіктерінің дамуын жоғары бағалап, Қазақстан Үкіметі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына жасап отырған қолдауы үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, ол өңірлердің әкімдіктері этникалық бірлестіктермен үлкен жұмыс жүргізіп жатқандығын айта отыра, екі елде де одан әрі жемісті ынтымақтастық пен мәдениетаралық коммуникациялардың нығая беретініне сенім білдірді.

Анатолий Маркевичтің пікірінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақстандықтардың бірлігін сақтау мен дамытудағы бірегей институт болып табылады. Беларусь елінің Мәдениет министрі өз сөзінде мәдени мұраны, халық дәстүрлерін сақтау, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік саясат мәселелеріне тоқталды.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев, еліміздің беларусь этномәдени бірлестіктері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Павел Утюпин қатысты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан Еркін Үйсімбаев Беларусь Республикасының Мәдениет министрлігіне «Қазақстан этностарының музыкалық мұрасы» антологиясын сыйға тартты.

 

Хабар 24 телеарнасы