Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрі Түркістан облысының шаруаларымен кездесті

Биыл мақта терімі рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Достық» каналының суын пайдаланатын Жетісай мен Мақтаарал ауданының диқандары былтырдан бастап кедергісіз ағын су ала бастады. Бұл соңғы 30 жылда алғаш рет болып отыр. Түркістан облысына арнайы келген Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрі, Президентінің кеңесшісі мен су шаруашылығы министрі бастаған делегация мақталы аудандардың шаруаларымен кездесті. Біздің еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев меймандарды мақтааралдықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Былтыр Мақтаарал ауданын су басқан кезде Өзбекстан тарапы Жызақ және Сырдария облыстарынан 40 арнайы техника мен 250 тонна мақта шиті жеткізіліп, бүлінген егістік алқаптарына мақта дақылы қайта егілген болатын. Тараптар бұл жетістіктер екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың жемісі екенін атап өтті.

Дәулетбай Жорымбетов, шаруа қожалығының басшысы:

– Бұл деген біздің мақтааралдық диқандарымызға өте үлкен көмек болды. Екі елдің президенттерінің саясатының дұрыс жолға қойылғанының арқасы деп білеміз. Біз, диқандар, ризамыз сіздерге, жұмысымыз жанып жатыр. Еңбегіміз алдарыңызда тұр. Өте қуаныштымыз, алғысымыз көп сіздерге.