426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанда өртті ерте анықтауға арналған тың технология қолданыла бастады

  • 143
  • UPD: 21:04, 04.10.2021

Елде соңғы 5 жылда 80 мыңнан астам өрт дерегі тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дені Шығыс Қазақстан облысының орман-тоғайы мен Қарағанды, Қостанайдың даласында болған. Өрт кезінде 2 мыңнан астам адам қаза тауып, тағы осынша тұрғын жарақат алған. Осыған байланысты елде апатты жағдайларды болдырмау үшін тың технология қолданыла бастады. Солардың бірі – Бурабайда.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Биыл елімізде 700-ге жуық орман өрті тіркелген. Бұған тағы 100-ге жуық дала өртін қосыңыз. Тілсіз жау ондаған адамның өмірін жалмап, тағы жүздеген жанның жарақат алуына себеп болды. Табиғатқа орасан зор шығын келді. Осының бәрін ескерсек, елімізге өрт ошағын алдын ала анықтау жүйесінің қаншалықты қажет екенін түсінеміз.

Жаңа жүйенің Бурабай ұлттық паркінде орнатылуы тегін емес. Қарағайлы орманы, көз тартар көлдері бар мемлекеттік нысанда өсімдіктің 840-тан астам, ал жан-жануардың 300-ге жуық түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 39 өрт дерегі тіркеліп, 20 гектар жер отқа оранған. Ал былтыр жүйе орнатылмай тұрғанда бұл көрсеткіш 4 есе көп болыпты.

Талғат Бижанов, Телекоммуникациялық компанияның бас директоры:

- 2020 жылы бейнебақылау жүйесінің құрылысы және интеграциясын бастадық. Бағдарламаны консорциум құра отырып, бірнеше компания жүзеге асырды. Оның басты міндеті – мониторинг жүйесі. Ал екінші негізгі функциясы – өрт ошағын барынша ерте анықтау жүйесі. Камера жалынды, түтінді бірден танып, анықтайды. Бұл өрттің таралмауына, көп шығынға ұшырамауға көмектеседі.

Мұндағы жүйе деп отырғанымыз – 14 заманауи камерадан тұратын кешен. Олардан келіп түсетін мәліметтің барлығы басқару орталығында жиналады. Операторлар сол ақапаратты өңдеп, талдау жасайды. Ал өзге жұмыстың барлығын техника істейді.

Асылхан Ахметжанов, Жедел басқару орталығының бастығы:

- Өрт тіркелген жағдайда операторға дыбыстық белгі беріледі. Жүйе түтінді автоматты түрде танып, қызыл түспен белгілейді. Одан әрі жақындатып, ненің қайда өртеніп жатқанын көреміз. Ал бұған дейін орманшыға хабарласып, ол өрт ошағын анықтағанша жалынды сөндіргенше біраз уақыт өтіп кететін.

14 камера 13 антенналық бақылау мұнарасына орнатылған. 129 мың гектар аумақты алып жатқан ормандағы қауіпсіздікке осы қондырғылар жауапты.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Мұнараның биіктігі 30 метр. Әлгі 14 камераның бірі осында орнатылған. Бейнебақылау жүйесі 15 шақырым қашықта болып жатқан дүниенің барлығын жіті бақылауда ұстайды. Бір айта кетерлігі, мұндағы камералар күн және жел генераторымен жұмыс істейді. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, қазір жел соғып, генератор жұмыс істеп тұр. Демек, камераның қуаты толығып жатыр.

Сол сияқты мұнара да, камераны қуаттайтын бекет те тәуелсіз. Ешқандай электр желісі болмаса да, өз бетімен тәулік бойы жұмыс істей береді. Ал олардың істен шықпауын оператор бақылап отырады.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Бекеттің автономды екенін айттық. Демек, мұндағы ауа температурасы автоматты түрде реттеледі. Мәселен, күн суытса, яғни, ауа температурасы 5 градустан төмендесе онда жылыту жүйесі қосылады. Ал мұндағы камераларды бақылау үшін де қосымша камералар орнатылған. Яғни операторлар мұнда болып жатқан дүниенің барлығын біліп, көріп отырады.

Айтпақшы, о баста шетелдік тәжірибеге сүйенген компания жүйені Қазақстанға бейімдеп, оған «Орманшы» деген атау беріпті. Енді болашақта бұл жобаны орман комитетіне қарасты өзге де нысандарда жүзеге асыру жоспарда бар.

Талғат Бижанов, Телекоммуникациялық компанияның бас директоры:

- Әдемі, айқын, сапалы картинаны көріп, тағы қай бағытта дами алатынымызды ойладық. Қамту аумағы кең болғандықтан, елді мекендерді бақылауға алдық. Мәселен, Щучинск қаласындағы теміржол станциясында өрт шыққанын білесіздер. Міне, сол оқиғаны бейнебақылау жүйесі өрт сөндіру қызметінен бұрын анықтады.

Апатты жағдайдың алдын алуға арналған жүйеге бірнеше мемлекет қызығып отырған көрінеді. Олардың арасында өткен жазда орман өртінен зардап шеккен Түркия мен көршілес Өзбекстан бар.

Хабар 24 телеарнасы