Алматыға осы айда «Спутник V» вакцинасының 50 мың дозасы жеткізіледі

Алматыдағы екпе салатын орындарға осы айда «Спутник V» вакцинасының 50 мың дозасы жеткізіледі.

Бұл туралы орталық қалалық клиникалық аурухана өкілі айтты. Қазір шаһарда бірінші компоненттің 20 мың, ал екінші компоненттің 32 мың данасы бар. Мамандардың айтуынша, екпе таусылған орындарға вакцина өзге орталықтардан тасымалданады. Қазір алматылықтар QаzVac және Sinofarm екпелерін салдыра алады. Жалпы мегаполисте ақпан айынан бастап қазанның үшіне дейін 956 925 адам екпенің бірінші компонентін алса, 866 728 адам екінші компонентін салдырған.

Эльвира Ибрагимова, орталық қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары:

- Бүгін таңертеңнен бастап біз азаматтардың өтініші бойынша «Спутник V» вакцинасын екпе жүргізілетін медициналық ұйымдарға қайта бөлдік. Сондықтан қазір бізде «Спутник V» вакцинациясында ешқандай проблема жоқ. Кез келген адам жақын жердегі емханаға барып, осы вакцинаны ала алады. Вакцинаны жеткізу кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Біз қазан айында «Спутник V» вакцинасының тағы 50 000 дозасы жеткізіледі деп күтеміз.