Павлодардағы жаңа шағын аудан тұрғындары әлі жылусыз отыр

Павлодардағы жаңа шағын аудан тұрғындары бүрсең қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі уақытта жүздеген үй иесі арнайы жылыту құрылғыларын қолдануға мәжбүр. «Соның өзінде қабат-қабат киініп жүруге тура келеді», - дейді. Оған қоса, ыстық су да берілмепті. Кей тұрғындар туыстарының үйін паналап отыр. Бұл баспана биыл сәуір айында қолданысқа берілген еді. Павлодарда жылу маусымы 23 қыркүйекте басталған. Осы күнге дейін 1250 көп қабатты үйдің мыңнан астамы жылынды. Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, шағын ауданға жылу 10 қазанда беріледі. Қазіргі уақытта үйлерді жылу желілеріне қосу бойынша құжаттар әзірленуде.

Гүлнұр Брыкова, қала тұрғыны:

- Жаңаның аты жаңа деп келіп едік. Мінекей, әлі ыстық су жоқ. Жылу жоқ, түгеліміз ауырып жатырмыз. Әкімдіктен сұраймыз, бізге көмектессін. Қыс болса келе жатыр. Қайдағы күз, міне, қыс. Қыркүйек бойы суық болды.

Жансерік Қапзолла, Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің маманы:

- Қазіргі уақытта аталмыш шағын аудандағы жаңа үйлер бойынша «Павлодар жылу желілері» ЖШС-інде тиісті құжаттарды рәсімдеу жүргізілуде. Сонымен қатар жаңадан салынған 42-ші жылу магистралін іске қосу бойынша жұмыстар жасалуда. Содан кейін жаңа шағын аудан жылуға қосылады.

Сондай-ақ...