Ақтау көшелеріне ауа фильтрлері орнатылды

Ақтаудың ауасы сүзгіден өтеді. Қала көшелеріне 8 арнайы құрылғы қойылды.

Жетеуі қалада, бірі Өмірзақ ауылындағы мектеп ғимаратына орнатылған. Отандық құрылғы шамамен 3 шақырым аумақты қамтиды. Мұнайлы, Маңғыстау, Қарақия және Бейнеу ауданына да қойылған шағын экостанциялар ауа құрамының ластану деңгейін әр минут сайын көрсетеді. Сүзгілеу нәтижесін, кез келген тұрғын сайт арқылы немесе «Smart Aktau» мобильдік қосымшасы арқылы көре алады.

Айта кетейік, Маңғыстау өңірі, ауа сүзгілерін орнату бойынша Алматыдан кейін екінші орында тұр.

Асылан Хадим, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы:

- «Эко Маңғыстау» деген мекемеміз Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарына орнатуда. Қазірде 4 ауданға, 1 қалаға қондырылды. Қазан айының соңына дейін Түпқараған ауданы мен Жаңаөзен қаласына қондырған кезде біз облысты толықтай қамтимыз. Өндірістік жерлерге қояйын десек, бұзып кету немесе ұрлап кету мәселелері болып қалмасын деп мектептерге, мемлекеттік мекемелерге қондырдық.