426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мәулен Әшімбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері өкілдерімен кездесті

  • 86
  • UPD: 11:24, 05.10.2021
Мәулен Әшімбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев бірқатар әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері өкілдерімен кездесті.

Дін өкілдері 6 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін XIX Хатшылық отырысына қатысу үшін Қазақстанға арнайы келген болатын.

Кездесулер барысында Мәулен Әшімбаев бейбітшілік пен келісімді халықаралық аренада дәріптеу ісінде Қазақстан ұсынған діраралық форумның ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

«Өткен 18 жылдың ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі озық әрі салмақты диалог алаңына айналды. Оған тек дін лидерлері ғана емес, сонымен бірге әлемдік деңгейдегі ықпалды саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың көрнекті өкілдері де қатысып келеді. Бұл Съездің шешімдерін нәтижелі іске асыруға және дінаралық диалог пен келісім идеяларын ілгерілетуге тың серпін береді», – деді Съезд Хатшылығының Басшысы.

Әл-Азхар университеті Ислам зерттеулер академиясының Бас хатшысы Назир Мұхаммед Мұхаммед әл-Назир Аядпен кездесу кезінде жаңа заманда өркениетаралық және дінаралық диалогтың рөлі артып келе жатқаны сөз болды. Сұхбаттасушылар туындаған мәселелерді шешу кезінде Қазақстан тарапынан мұндай тәсілге баса мән берілетінін атап өтті. Өз сөзінде Съезд Хатшылығының Басшысы Ислам зерттеулер академиясына конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту бағыты бойынша Нұрсұлтан Назарбаев орталығымен серіктестікті нығайту үшін қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Орыс Православие шіркеуі Мәскеу Патриархаты Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің дінаралық қатынастар жөніндегі хатшысы, діни қызметкер Димитрий Сафоновпен кездесті. Мәулен Әшімбаев бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және Съезд Хатшылығының жұмысына тұрақты қатысып, оның нәтижелі болуына үлес қосқаны үшін мейманға алғыс білдірді. Кездесу кезінде Съезд әлемдік конфессиялардың қолдауының арқасында халықаралық деңгейде маңызды рөлге ие болып отырғаны да айтылды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Дінаралық диалог жөніндегі Папа Кеңесінің Ислам бойынша Бюросының Басшысы, монсеньор Халед Акашемен кездесті. Мәулен Әшімбаев Ватиканның халықтар мен діндер арасындағы бейбітшілікті, достықты және ынтымақтастықты нығайтуға қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалады. Сұхбат барысында тараптар осыған дейінгі Съездер аясында атқарылған жұмыстардың маңызына тоқталды және ертеңгі Хатшылық отырысы да Форумның халықаралық беделін арттыруға зор септігін тигізетініне сенім білдірді.

Ал Біріккен Араб Әмірліктері Мұсылман Ақсақалдар Кеңесінің Бас Хатшысы Сұлтан Фейсал Румейсимен кездесуде Мәулен Әшімбаев БАӘ-нің әлемдік ынтымақтастыққа қосып отырған үлесіне назар аударды. Сенат Төрағасы 2019 жылы Абу-Дабиде Рим Папасы Франциск пен Әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад әл-Тайеб қол қойған «Бүкіл әлемде бейбітшілік пен бірлесіп өмір сүру үшін адамзат бауырластығы туралы» тарихи құжатты тілге тиек етті және оның іске асырылуына БАӘ-нің жағдай жасағанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ тараптар Нұр-Сұлтандағы дінаралық диалог діни ұйымдарды жақындастыру және ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатерлеріне бірлесіп жауап іздеу жолында маңызды рөл атқара беретініне сенім білдірді.

Хабар 24 телеарнасы