Елдегі жоғарғы оқу орындарында GR мамандығын енгізу қажет

Елдегі жоғарғы оқу орындарында  GR (джиар) мамандығын енгізу қажет. Бұл туралы 14-Еуразиялық Қазэнерджи форумында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі сарапшы Марғұлан Оспанов айтты.

Айта кететіні, GR  қызметкерлері, яғни мемлекеттік органдармен тиімді коммуникациялық қатынас құратын мамандар тек шетелде оқытылады. Ал Қазақстанда GR қызметі өздігінен дамығанмен, жекелей пән ретінде академиялық бағдарламаға енгізілмеген. Сондықтан нарықта маман тапшылығы байқалады. Оған қоса салалық GR-дың қыр-сырын меңгергендердің саны саусақпен санарлық. Бүгінде елімізде әр бағытта қызмет ететіндердің үлесі шамамен 2 мың маманды құрап отыр. Пандемия кезінде мемлекеттік органдар қашықтан жұмыс істеуге көшкенде бизнеспен жұмыс жүргізу қиындай түскені белгілі. Осы кезде GR мамандарының рөлі арта түскен. Өйткені олар туындаған мәселені жеделдетіп шешуге ат салысып, коммуникациялық үдерістерді оңтайландыруға үлес қосты. 

Арман Сатимов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ өкілі:

- Салалық ведомстволар мен қауымдастықтағы GR мамандары екі айға дейін қарастырылатын кей мәселені күнбе күн шешіп беріп отырды. Яғни ковидке дейінгі коммуникациялық қатынас пен одан кейінгі қатынаста оң өзгерістер болды. Кейбір үдерістер оңтайлана түскен. Енді пост пандемия кезеңінде осы беттен таймай, GR мамандарының қызметі жүйелі жолға қойылса дейміз.